Общество

Әлеуметтік аударымдарды онлайн тексеру жолдары: қазақстандықтарға арналған нұсқаулық

Қазақстанда әлеуметтік-еңбек саласының цифрландырылуы әрбір азаматқа өз әлеуметтік аударымдары мен кепілдіктерін бақылауды жеңілдетті. Енді жұмыс істейтін тұрғындар бухгалтерияға бармай-ақ немесе ХҚКО-ға жүгінбей-ақ, аударымдар туралы мәліметті онлайн ала алады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) түскен төлемдердің барлығы интернет арқылы қолжетімді.

Әлеуметтік аударымдар не үшін маңызды?

Жұмыс беруші әр айдың 25-іне дейін қызметкер үшін әлеуметтік аударымдарды аударып отыруы тиіс. Бұл төлемдер қызметкердің әлеуметтік кепілдіктерге ие болуына мүмкіндік береді. Мысалы, ана мен балаға қолдау, жұмысынан немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылғанда, асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер төленеді.

eGov.kz порталы арқылы тексеру тәртібі

Әлеуметтік аударымдарды тексеру үшін eGov.kz порталын немесе eGov Mobile қосымшасын пайдалануға болады. Қызметті пайдалану үшін:

  1. eGov.kz порталында «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімін ашыңыз немесе eGov Mobile-да «Жеңілдіктер, жәрдемақылар және зейнетақы» бөліміне кіріңіз.
  2. «Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпарат беру» қызметін таңдаңыз.
  3. Қызметке онлайн тапсырыс беріңіз, тексерілетін кезеңді көрсетіп, сұранысты ЭЦҚ, SMS-код немесе биометрия арқылы растаңыз.
  4. Нәтижесін күтіңіз: әрбір аударымның сомасы мен күні көрсетілген анықтама 10 минут ішінде жеке кабинетке түседі.

Банк қосымшалары арқылы мәлімет алу

Kaspi.kz және Halyk мобильді қосымшалары арқылы да әлеуметтік аударымдар туралы ақпаратты алуға болады. Ол үшін:

  • «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, «Анықтамалар» бөлімін таңдаңыз.
  • «Әлеуметтік аударымдар» қызметін басыңыз.
  • Барлық төлемдер көрсетілген дайын құжат бірнеше секундта экранда пайда болады, қажет болса оны жүктеуге болады.

Мәселе туындаса қайда жүгінуге болады?

Егер белгілі бір айға аударым түспесе немесе толық емес болса, жұмыс орныңыздың бухгалтериясына хабарласыңыз. Ал әлеуметтік төлемдерді есептеу және тағайындау бойынша сұрақтар туындаса, 1414 нөмірі арқылы Бірыңғай байланыс орталығына тегін қоңырау шалуға болады.

Цифрлық мемлекеттік қызметтер әр азаматқа өз әлеуметтік аударымдарын бақылап, жұмысының ресми қорғалуын бірнеше минутта тексеруге мүмкіндік береді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button