Общество

Жұмыссыз қалғандарға әлеуметтік сақтандыру жүйесі қалай қолдау көрсетеді

Жұмыс орнын ауыстыру немесе уақытша жұмыссыз қалу — әркімнің басында болуы мүмкін жағдай. Осындай кезеңде әлеуметтік сақтандыру жүйесі азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы қаржылай қолдау көрсетеді.

Ресми жұмыс істеген азамат жұмыссыз ретінде тіркелсе, оған соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45%-ы мөлшерінде әлеуметтік төлем беріледі. Бұл төлем әлеуметтік аударымдары кемінде 6 ай жасалған азаматтарға тағайындалады.

Төлем алу үшін қандай талаптар қойылады

Жұмысынан айырылған азамат алдымен Мансап орталығына, eGov.kz немесе Enbek.kz порталдары арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Осылайша, ол әлеуметтік төлем алуға үміткер болады. 2026 жылдың соңына дейін төлем тағайындау тәртібі өзгермейді.

Төлемнің мөлшері мен ұзақтығы азаматтың жүйеге қатысу өтіліне байланысты анықталады. Қолдау кезеңінде жұмыс іздеуші Мансап орталығы арқылы жаңа жұмыс табуына көмектеседі.

2027 жылдан бастап енгізілетін өзгерістер

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік кодекстің жаңа нормалары күшіне енеді. Жаңартылған жүйе азаматтың еңбекке тез оралуына басымдық береді.

  • Мансап орталығының рөлі күшейтіледі. Жұмыс іздеуші мәртебесі 13 күнге беріледі. Осы уақыт ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа жұмыссыз мәртебесі рәсімделеді де, әлеуметтік төлем тағайындалады.
  • Төлем алу кезеңі жүйеге қатысу өтіліне қарай өзгереді: 6-12 ай — 1 ай, 12-24 ай — 2 ай, 24 айдан көп — 3 айға дейін төлем жүргізіледі.
  • 2027 жылдан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге көтеріледі. Осыған байланысты төлемнің ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге жетеді.

Жұмысқа орналасуға көмектесу шаралары

Мансап орталығы әлеуметтік төлем алған-алмағанына қарамастан, азаматқа жұмыс табуға көмектесуді жалғастырады. 2023 жылдың басынан бері өңірлік жұмыспен қамту карталары арқылы 626,9 мың адам жұмысқа орналасты.

Сонымен қатар, 110,1 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына, 60,5 мың адам Skills.enbek.kz платформасындағы курстарға қатысты, 37,3 мың азамат «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлікті меңгерді. 3,2 мың грант берілді. Жастарға арналған «Mansap Kompasy» платформасы және Павлодар мен Маңғыстау облыстарында жасанды интеллектке негізделген цифрлық жұмыспен қамту жобалары іске қосылды.

Әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу жеңілдеді

2026 жылдың 10 айында 367 мың адам жұмыссыз қалуына байланысты әлеуметтік төлем алды. Төлемнің жалпы сомасы 128 млрд теңгені құрады. Өтініштердің 99,3%-ы электронды форматта қабылданды.

Осылайша, жаңартылған әлеуметтік сақтандыру жүйесі азаматтарға қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, жаңа жұмыс табуға жеке көмек ұсынады.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button