Қазақстан теміржолына 162 жаңа жолаушылар вагоны қосылды
Қазақстанда жолаушылар вагондарының паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы 191 жаңа вагон алу көзделсе, қазірдің өзінде олардың 162-сі елдің теміржол паркіне қосылды.
Жаңа вагондар қайда шығарылды
Жаңа жолаушылар вагондары екі кәсіпорында құрастырылды. Оның 51-і – RWS Wagon зауытында, 111-і – Stadler Kazakhstan компаниясында жасалған.
Жайлылық пен қауіпсіздік талаптарына сай
Заманауи вагондарда ауа баптау, бейнебақылау жүйелері, ауаны зарарсыздандыратын құрылғылар, биодәретханалар, әр орынға арналған жеке жарықтандыру, мобильді құрылғыларды қуаттайтын розеткалар мен USB-порттар бар.
Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін де қолайлы жағдай жасалған. Штабтық вагондарда арбаларға арналған кеңейтілген купелер, вагонға мінуді жеңілдететін көтергіш құрылғылар және табалдырықсыз кіреберістер қарастырылған.
Қосымша мүмкіндіктер мен қызмет ету мерзімі
Сапар кезінде жайлылықты арттыру үшін Wi-Fi желісі, эргономикалық тұтқалар, жарықдиодты шамдар, әр купеде температураны реттеу мүмкіндігі және сейфтер орнатылған. Жаңа вагондардың қызмет ету мерзімі – 40 жылға дейін.
Жаңарту халыққа қызмет көрсету сапасын арттырады
Жолаушылар вагондарын кезең-кезеңімен жаңарту – көлік қызметінің сапасын арттыруға, жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, тасымалдау сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: gov.kz



