Экономика

Үкіметте жылыжай көкөністері мен ет, сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды

Маусымаралық кезеңге дайындық аясында Үкіметте жылыжай көкөністері, ет және сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталған қосымша шаралар пысықталды. Бұл мәселелер Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқаратын кеңесте талқыланды.

Қазан айында азық-түлік бағасының айлық өсімі 0,2% болды. Жылдық азық-түлік инфляциясы қыркүйектегі 8,5%-дан қазанда 7,6%-ға дейін төмендеді.

Жылыжай көкөністерінің бағасын тұрақтандыру қадамдары

Маусымаралық кезеңде қияр мен қызанақ бағасының шарықтауын болдырмау басты назарға алынды. Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі өнім бағасының өсуін шектеу үшін 40 ірі жылыжай шаруашылығын анықтады. Олардың ішінде электр қуатын көтерме нарықтан алатын 14 жылыжайды бөлшек сауда тарифіне көшіру мүмкіндігі қарастырылуда. Энергетика министрлігіне тиісті тетікті әзірлеу тапсырылды. Өз кезегінде бұл кәсіпорындар қияр мен қызанақтың өндірушіден алу бағасын тұрақтандыруға міндеттелмек.

Ет өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары

Халықтың ет өнімдерін тиімді бағамен сатып алуына мүмкіндік жасау мақсатында өңірлерде «Соғым-FEST» мамандандырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері кеңейтіліп жатыр. Бұл жәрмеңкелерде тұрғындар етті делдалсыз, тікелей өндірушіден ала алады. Сонымен қатар, ішкі нарықты етпен қамту үшін сиыр және қой етін экспорттауға қосымша шектеу тетіктері қарастырылуда.

Сүт өнімдерінің бағасын тежеу жолдары

Сүт өнімдерінің бағасы да кеңесте жеке қаралды. Жыл басынан бері шикі сүт бағасы 6,4%-ға, өңдеушілердің босату бағасы 5,4%-ға, ал тұтыну бағасы 5,8%-ға өскен. Бағаны ұстап тұру үшін шикі сүт өндірушілер мен сүт өңдеу кәсіпорындары арасында бағаны тұрақтандыру туралы келісімдер мен меморандумдар жасау ұсынылды.

Азық-түлік инфляциясын бақылау және мониторинг

Жиында азық-түлік инфляциясын бақылауға арналған ақпараттық жүйе таныстырылды. Бұл жүйе тауар топтары мен өңірлер бойынша баға динамикасын бақылауға, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының инфляцияға әсерін бағалауға және баға өсуінің негізгі себептерін анықтауға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысында жергілікті атқарушы органдарға баға мониторингін күшейту, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін көбейту және ішкі нарықта азық-түлік жеткілікті болуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button