Общество

Өрт қауіпсіздігі онкүндігінде 100 мыңнан астам оқушы қамтылды

Қазақстанда республикалық «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» жалғасуда. Науқанның үшінші күні «Қауіпсіз өмір сүруді үйренеміз» ұранымен өтіп жатыр. Ел бойынша құтқарушылар мектептерге барып, оқушыларға өрт сөндіру-құтқару техникасын таныстырып, төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету жолдарын үйретуде.

Өңірлерде ұйымдастырылған профилактикалық іс-шаралар мыңдаған оқушыны қамтыды. Мақсат – балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге үйрету. Мысалы, Ұлытау облысында Жезқазған қаласындағы «Өркен» мектебінде өрт қауіпсіздігі бойынша кездесу өтті. Мұнда оқушылар мен мұғалімдерге өрт кезінде және эвакуация сәтінде не істеу керек екені түсіндірілді. 66 білім беру ұйымында өткен іс-шараларға 3 100-ге жуық адам қатысты.

Батыс Қазақстан облысында ТЖД қызметкерлері облыс әкімдігімен бірлесіп, орта мектепте арнайы кездесу ұйымдастырды. 340-тан астам оқушы төтенше жағдай кезіндегі әрекеттермен танысып, бейнероликтер көрді және танымдық байқауларға қатысты. Бұл шараға БАҚ өкілдері де келді.

Онкүндіктің үшінші күні аясында 700-ден астам мектепте профилактикалық жұмыстар өтті. 100 мыңнан астам оқушыға 400-ден астам тақырыптық сабақ, дәріс, түсіндіру кездесулері мен байқаулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 379 оқу-жаттығу, 200-ге жуық өрт сөндіру техникасының көрмесі және 60-тан астам экскурсия өткізілді. Балалар өрт сөндірушілердің жұмысымен және техниканың қолданылу тәртібімен танысты.

Төтенше жағдайлар министрлігі қауіпсіздік қағидаларын білу адам өмірін сақтауда маңызды екенін еске салады. Ата-аналарға балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін тұрақты айтып, оларды қараусыз қалдырмау, төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін үйрету ұсынылады. Қажет болған жағдайда 112 нөміріне хабарласу керек.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button