Қазақстанда заңсыз орнатылған қосымша жанармай бактарының 595 дерегі анықталды
Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ведомство өкілдері құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде.
«Қауіпсіз үй» акциясының нәтижелері
5 қазан мен 5 қараша аралығында республика көлемінде «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық шарасы өтті. Осы уақыт ішінде полиция қызметкерлері 576 мыңнан астам тұрғын үй мен түрлі нысандарды тексерді. Негізгі назар жалға берілетін пәтерлер, саяжайлар, тұрмысы төмен отбасылар және профилактикалық есепте тұрған азаматтарға аударылды.
Тексеріс барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 42 мыңға жуық дерегі анықталды. 9 мыңға жуық шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды. Полицияға тұрғылықты жері жоқ 3,5 мыңнан астам адам жеткізілді. Халықпен 12 мыңнан астам кездесу өтіп, 398 мыңға жуық жадынама таратылды. Азаматтардан 4,5 мыңнан астам ұсыныс пен өтініш түсіп, барлығына тиісті шаралар қабылданды.
Қосымша жанармай бактарын заңсыз орнату фактілері
ІІМ жанармайды заңсыз елден әкетуге қарсы күресті күшейтті. Мемлекеттік шекара маңындағы 48 автокөлік өткізу бекетінде тәулік бойы полиция посттары жұмыс істеуде. Жыл басынан бері елімізде қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатудың 595 фактісі тіркелді. Заңбұзушылықтың басым бөлігі Жамбыл облысында (386), Түркістанда (119) және Қостанайда (80) анықталды. Заңсыз орнатылған бактардың жалпы көлемі 159,5 тоннаны құрады.
Жүргізушілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 7-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Көліктерден заңсыз бактар алынып тасталды.
Экологиялық және қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары
Ведомство вандализм мен заңсыз граффити мәселесіне де көңіл бөлуде. 1 қыркүйектен бері 26 мыңнан астам заңсыз жазу өшірілді. 8 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 7 факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Халықпен 43 мыңнан аса кездесу ұйымдастырылып, 59 мыңнан астам ақпараттық брошюра таратылды.
ІІМ қоршаған ортаны қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 47 мыңнан астам рейд ұйымдастырылып, 1724 заңсыз қоқыс орны анықталды, 351 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Нәтижесінде 1435 заңсыз қоқыс орны жойылды.
Министрлік өкілдері қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты сақтау бойынша жұмыстар әрі қарай жалғасатынын айтты.
Дереккөз: gov.kz



