Қоғамдық кеңестер туралы заңды жетілдіру: өңірлерде ұсыныстар талқыланды
Қазақстанда қоғамдық кеңестер туралы заңды жетілдіруге арналған өңіраралық кездесулер басталды. Алғашқы кездесулер Петропавл мен Түркістан қалаларында өтті. Оған қоғамдық кеңестердің мүшелері, мемлекеттік органдар, депутаттар, сарапшылар және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі міндеттері
Басқосуларда аймақтардың ұсыныстарын жинау, қоғамдық кеңестердің тәжірибесін саралау және олардың жұмысын заңнамалық тұрғыдан жетілдіру жолдары қаралды. Қатысушылар қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктерін, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын нығайту, азаматтардың қоғамдық істерге араласу мүмкіндіктерін кеңейту және қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылады.
Қоғамдық бақылау нысандары қарастырылды
Жиын барысында қоғамдық мониторинг жүргізу, ашық тыңдаулар өткізу, қоғамдық сараптама жасау және мемлекеттік органдардың есептерін тыңдау сияқты қоғамдық бақылау тәсілдері тәжірибеде қолдану мәселелері сөз болды. Өңіраралық кездесулер түрлі облыстардың көзқарасын біріктіруге және заңнаманы жасау кезінде өңірлік ерекшеліктерді ескеруге мүмкіндік береді.
Ұсыныстар жинақталады және қорытынды құжат әзірленеді
Талқылау нәтижесінде түскен ұсыныстар жүйеленіп, қорытынды құжат дайындалады әрі уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданбақ. Бұл жұмыс алдағы уақытта басқа өңір өкілдері қатысатын диалог алаңдарында жалғасын табады.
Министрлік бастамасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы
Өңірлік кездесулер Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген қоғамдық кеңестердің қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру жобасы аясында өтіп жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында берген тапсырмасына сәйкес іске асырылуда. Бұған дейін министрлік қоғамдық кеңестердің қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізген болатын.
Дереккөз: gov.kz

