Экономика

Мемлекет басшысы энергетика саласындағы негізгі нәтижелермен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаевқа отын-энергетика кешенін дамытудың биылғы он айдағы қорытындылары, жылыту маусымының барысы және келесі кезеңге арналған жоспарлар баяндалды. Министр еліміздегі жылыту маусымы барлық өңірде тұрақты өтіп жатқанын мәлімдеді. Электр станцияларын жөндеуге бөлінген қаржы 384 миллиард теңгеге дейін артып, негізгі жабдықтар мен желілер жөнделді. Жылу электр орталықтарының ескіруі азайып, «қызыл аймақтағы» станциялар саны беске дейін төмендеді. Электр энергиясын өндіру көлемі 10 айда 2,3 пайызға өсіп, 102,4 миллиард кВт/сағатқа жетті.

Мұнай өңдеу мен газ жобалары

Ерлан Ақкенженов мұнай өңдеу көлемі 4,7 пайызға ұлғайғанын, жанар-жағармай қоры 1,2 миллион тоннаға жеткенін айтты. Отандық битум өндірісі 1,1 миллион тоннаға жетіп, ішкі сұранысты толық қамтамасыз етті. Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 миллион тоннаға дейін арттыру және Атырау облысында жаңа мұнай химиясы кешенін салу жобалары қолға алынған. Жыл соңына дейін газбен қамту деңгейі 64,5 пайызға өсіп, 13,2 миллион адам көгілдір отынға қол жеткізеді. Қашаған мен Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауыттары салынып жатыр. Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында екінші газ зауытын салу бойынша EPC-келісімшарттар жасалды.

Энергетика саласын цифрландыру және барлау жұмыстары

Министрлік энергияны көп тұтынатын деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект қажеттілігін ескере отырып, 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімді қайта қарауға кірісті. Геологиялық барлауды жандандыру мақсатында 112 кен учаскесі электронды аукционға шығарылды – бұл рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар, отын-энергетика кешеніндегі нысандардың цифрлық телнұсқаларын енгізу және көмір жеткізу барысын бақылау үшін бірыңғай мониторинг платформасы іске қосылды.

Президенттің тапсырмалары

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев халықты энергиямен және жылумен үздіксіз қамтамасыз ету, жанар-жағармай мен көмір нарықтарының тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстау, сондай-ақ инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button