Общество

Түркістанда «Есірткісіз болашақ» форумына мыңға жуық адам қатысты

Түркістан облысында «Есірткісіз болашақ» форумы өтті. Бұл шара нашақорлықпен күреске арналған онкүндік профилактикалық жұмыстардың қорытындысы ретінде ұйымдастырылды. Форумға мыңға жуық адам, оның ішінде мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар және қоғам белсенділері қатысты.

Форумға қатысқан қонақтар және негізгі шаралар

Форумға ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Абай Жүсіпов, ҚР Құрылтайының депутаты Гүлісхан Нахбаева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Олжас Сүлеймен, «Жайдарман» жобасының жетекшісі Есен Елеукен, сондай-ақ облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен басқа да құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Қатысушыларды полициядағы робот ит қарсы алды. Сондай-ақ дрон арқылы аумақты қадағалау және құқық бұзушылықты анықтау мүмкіндіктері көрсетілді.

Қызметтік иттердің көмегімен жасырылған есірткіні табу, арнайы жасақтың күдіктіні ұстау тәсілдері, оқушылардың сурет және қолөнер көрмелері көпшілік назарына ұсынылды.

Ресми бөлім және есірткіге қарсы күрестегі нәтижелер

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров есірткіге қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен іс-әрекетінің маңызын атап өтті. Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мен қауіпсіз орта қалыптастырудың ортақ міндет екенін айтты. Ол ұстаздар мен ата-аналарды жасөспірімдердің тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.

Биыл Түркістан облысында полицейлер 332 құқық бұзушылық фактісін анықтап, заңсыз айналымнан 1 тоннаға жуық есірткі тәркіледі. 1 360 интернет-ресурс бұғатталып, 2 320 банк картасының айналымына шектеу қойылды. Есірткіні жарнамалайтын 515 граффити жойылып, 1 300-ге жуық профилактикалық іс-шараға 144 мыңнан астам адам тартылды.

Форум спикерлері мен шығармашылық бағдарламасы

Спикерлер алаңында Гүлісхан Нахбаева, Олжас Сүлеймен, Абай Жүсіпов және Есен Елеукен жастардың құқықтық мәдениеті, азаматтық белсенділігі, бос уақытын тиімді пайдалану және есірткіге қарсы көзқарасты нығайту тақырыптарын талқылады.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Ерлер хоры патриоттық әндер орындады. Форум соңында әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ибрагим Ескендір мен «Алтын домбыра» домбырашылар ансамблі өнер көрсетті.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button