Экономика

Орталық Азия бизнесі Орнықты даму мақсаттарына жету үшін ынтымақтастықты күшейтті

Алматыда Орнықты даму форумы өтті

Алматы қаласында Орнықты даму форумы ұйымдастырылып, Орталық Азия елдеріндегі бизнес өкілдері, мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар бас қосты. Форумды Орталық Азиядағы БҰҰ Жаһандық шартының желісі Біріккен Ұлттар Ұйымының күніне орай өткізді. Қатысушылар жеке сектордың БҰҰ Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізуге қосатын үлесін, әлеуметтік жауапкершілік пен өңірлік ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Іс-шарада ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдірашев, Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча және БҰҰ Жаһандық шартының өңірлік басшысы Анита Лебиар сөз сөйледі.

Қазақстанның орнынқты даму жетістіктері мен басымдықтары

Форум аясында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Нұргүл Жанназарова Қазақстанның Орнықты даму мақсаттарына жетудегі негізгі нәтижелерін таныстырып, алдағы жұмыс бағыттарын белгіледі. Ол 2030 жылға дейінгі Орнықты даму күн тәртібін жүзеге асыру үшін мемлекет, бизнес және азаматтық қоғамның күшін біріктіру қажет екенін атап өтті.

Әлеуметтік және экологиялық жобаларға бизнестің үлесі

Форумда бизнестің өңірлік әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге қосатын нақты үлесі кеңінен талқыланды. Қатысушылар денсаулық сақтау, білім беру, экология мен инфрақұрылым салаларындағы жобалар тәжірибесімен бөлісті. Ұсынылған бастамалар қатарында аутизм спектріндегі балаларды қолдау орталықтарын ашу, жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандар салу, төтенше жағдайлардан кейін тұрғын үйді қалпына келтіру, Арал теңізінің құрғаған түбін жаңғырту секілді экологиялық жобалар бар.

Бизнестің әлеуметтік бағдарламалары алты негізгі бағытты қамтиды: білім беру және технологиялар, мәдениет пен шығармашылық, спорт, қоғамдық инфрақұрылым, шахмат және қызметкерлердің әлеуетін арттыру. Мысалы, білім беру жобаларында 137 мың оқушы олимпиадаларға қатысып, 410 грант пен стипендия бөлінді, 550 жаңа оқу орны ашылды. Спорт саласында 2024-2025 жылдары 20 мың адам футбол бағдарламасымен қамтылды, инклюзивті секцияларда 370 жаңа орын құрылды. Ақтауда Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы жұмысын жалғастырып келеді.

Инновациялық экологиялық шешімдер және айналмалы экономика

Форумда мұнай шламдарын құрылыс материалдарына қайта өңдеу, металлургия қалдықтарын пайдалану арқылы экологиялық таза бетон жасау сияқты инновациялық шешімдер таныстырылды. Бұл жобалар өңірдің экологиялық тұрақтылығына оң әсер етеді.

SDG Champions байқауы және жеңімпаздарды марапаттау

Форум соңында SDG Champions байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан 20 компания қатысып, ірі бизнес санатында Қазақстанның екі компаниясы Гран-при иеленді. Жүлделі орындарға Bank CenterCredit, Aitas KZ, Eldik Bank (Қырғызстан), Freedom Holding Corp., KMF Bank, O’Ztransgaz (Өзбекстан), QazaqGaz, Kazgiproneftetrans компаниялары ие болды.

Форумда ұсынылған бастамалар бизнестің аймақтағы экономикалық дамуға ғана емес, халықтың өмір сапасын жақсартуға, табиғи ресурстарды қорғауға және Орталық Азияның орнықты болашағын қалыптастыруға елеулі үлес қоса алатынын көрсетті.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button