Астанада абаттандыру қағидаларын бұзудың 41 мыңнан аса дерегі тіркелді
Астанада «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында қала ортасының тазалығын сақтау және тұрғындардың қоғамдық кеңістіктерге жауапкершілігін арттыру жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 41 мыңнан аса адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Анықталған заң бұзушылықтардың қатарында қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастау, қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын сақтамау деректері бар. Бұл бағыттағы шаралар тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмей, алдын алу жұмыстарын да қамтиды.
Заң бұзушылықтардың нақты мысалдары
Мысалы, Тілендиев даңғылы бойындағы тексеру кезінде ғимараттың сыртқы қабырғасына граффити салу фактісі тіркелді. Осы заң бұзушылық бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция тұрғындарға үндеу жасады
Полиция департаменті қала тазалығы тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әр тұрғынның да жауапкершілігі екенін еске салады. Қоқысты бейберекет тастау, ғимараттардың сыртына жазу жазу және инфрақұрылымға зиян келтіру елорда келбетіне теріс әсер етеді. Тұрғындар қоғамдық орындарға ұқыпты қарап, көшелер мен аулаларды ластамауға, абаттандыру ережелерін сақтауға шақырылады.
Дереккөз: gov.kz



