Образование

Білім беру саласын цифрландыру және қаржыландыру мәселелері Үкіметте талқыланды

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен білім беру саласын цифрландыру және мемлекеттік қаржыландыруды жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Білім беру платформасын жаңғырту қолға алынды

Оқу-ағарту министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірге өңірлерді Ұлттық білім беру платформасына кезең-кезеңімен қосу жоспарын әзірледі. Бұл қызмет мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға, деректердің нақтылығын арттыруға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Қаржыландыру жүйесін жетілдіру жоспарланды

Кеңесте мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселесі қаралды. Мемлекеттік білім беру тапсырысының құнын есептеудің бірыңғай әдістемесін енгізу ұсынылды. Сонымен қатар, әрбір тәрбиеленушіге арналған базалық құнын республикалық деңгейде бекіту үшін өңірлік ерекшеліктерді ескеретін түзету коэффициенттерін қолдану тапсырылды.

Қауіпсіздік пен бақылау жүйелері енгізіледі

Білім беру ұйымдарында Face ID технологиясын пайдаланып, кіруді бақылау жүйелерін кеңінен енгізу қажеттігі атап өтілді. Бұл шаралар қауіпсіздік деңгейін арттыруға, оқушылардың қатысуын автоматтандыруға және оқу орындарына кіруді қатаң бақылауға бағытталған.

Цифрландыру жөніндегі тапсырмалар

Кеңес қорытындысы бойынша, мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге білім беру саласын одан әрі цифрландыру және бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button