Жеке ортезге өтініш беру тәртібі: Еңбек министрлігі түсіндірді
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеке протездік-ортопедиялық көмекке қолжетімділікті кеңейту бойынша жұмыстар жүргізуде. Алматы қаласындағы Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы жанынан жеке ортездерді жобалау және дайындау зертханасы ашылған. Бұл зертханада медициналық көрсеткіштер болған жағдайда балаларға ортездер тегін жасалады, ал ересектер үшін қатысу шарттары жеке анықталады.
Жеке ортезді қалай алуға болады
Алғаш рет жүгінетін ата-аналар немесе баланың заңды өкілдері kazto.kz сайтында кері байланыс нысанын толтырып, байланыс мәліметтерін қалдыруы тиіс. Өтініште жеке ортезге мұқтаж екенін көрсету қажет. Сондай-ақ зертхананың менеджерімен немесе меңгерушісімен тікелей байланысуға болады.
Орталық мамандары көрсетілетін көмектің түрін анықтап, жобаға қатысу талаптарын түсіндіреді. Алдын ала медициналық қорытындылар, ауруханадан үзінді көшірмелер және ортез қолдану бойынша дәрігердің ұсыныстары болуы керек. Қосымша құжаттар нақты жағдайға және жоба талаптарына байланысты сұралады.
Ортез жасау кезеңдері мен ерекшеліктері
Ортез дайындау бірнеше кезеңнен тұрады:
- Науқастың қозғалыс мүмкіндігі бағаланады;
- 3D-сканерлеу жүргізіліп, компьютерлік модель жасалады;
- Жеке ортез дайындалып, киіп көру және түзету жұмыстары атқарылады;
- Ортезді дұрыс пайдалану тәртібі түсіндіріледі.
Бұл жұмысқа ортопед, ортез жасаушы және оңалту мамандары қатысады. Алғашында табан, тобық, тізе, қол және аяққа арналған ортездер әзірленеді. Дайындау мерзімі бұйым үлгісінің күрделілігі мен қажетті материалдардың қолжетімділігіне байланысты анықталады.
Жобаға басқа өңірлерден қатысу және зертхананың жоспары
Қазақстанның басқа аймақтарындағы тұрғындар да Орталыққа қашықтан хабарласып, қатысу мүмкіндігін анықтап, ортезді тексеру мен дайындау тәртібін алдын ала келісе алады.
2026 жылы зертханада 500 жеке ортез, 2027 жылы 1 000, 2028 жылы 1 500 ортез дайындау жоспарланған.
Зертхананың мекенжайы мен жұмыс уақыты
Зертхана Алматы қаласы, Желтоқсан көшесі, 65 мекенжайында орналасқан. Жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма, сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін.
Дереккөз: gov.kz



