Экономика

Алматыда BIM технологияларын міндетті қолдану және openBIM стандарттары талқыланды

Алматыда II buildingSMART Kazakhstan Conference & Awards 2026 конференциясы өтті. Бұл шарада құрылыс саласын цифрлық трансформациялау, openBIM ашық стандарттарын енгізу және BIM технологияларын міндетті қолдану мәселелері кеңінен сөз болды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков ашты. Ол жобалау мен құрылыс саласын цифрлық дамыту бағыттары жөнінде баяндады. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов та құттықтау сөз арнады.

BIM технологияларын енгізудің жаңа талаптары

Конференция аясында Қазақстанда құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеудің (ҚОАМТ/BIM) технологияларын міндетті түрде енгізу, осы саладағы жаңа талаптарға дайындық деңгейі және құрылыс жобаларының барлық кезеңінде цифрлық модельдерді пайдалану мәселелері талқыланды.

Бағдарламаның арнайы бөлімінде openBIM ашық стандарттары, жасанды интеллектіні қолдану, инженерлік деректерді басқару және құрылыс алаңдарында BIM-модельдерді пайдалану жолдары қарастырылды. Мастер-класс барысында қатысушылар ақпараттық модельдерге сараптама жүргізу, цифрлық модельдерді тексеруге дайындау және жобалау ұйымдары жиі жіберетін қателер туралы мағлұмат алды.

Панельдік пікірталас және марапаттау рәсімі

«ҚОАМТ енді міндетті: алғашқы айларда не кедергі, не көмектеседі?» атты панельдік пікірталаста сарапшылар жаңа талаптарды енгізудегі негізгі қиындықтар мен оларды шешу жолдарын талқылады. Нарық қатысушыларының дайындық деңгейі мен өтпелі кезең мәселелері де сөз болды.

Конференция аясында buildingSMART Kazakhstan Awards 2026 марапаттау рәсімі өтіп, құрылысты цифрландыру және ашық стандарттарды қолдану саласындағы үздік компаниялар мен мамандардың жетістіктері атап өтілді. Сонымен қатар Student SMART Cup 2026 студенттік байқауының жеңімпаздары марапатталды: бірінші орынды Satbayev University, екінші орынды Shakarim University (Семей қаласы) алды.

Саланың дамуына жаңа мүмкіндіктер

Конференция құрылыс саласындағы цифрлық трансформацияның болашағын талқылау және тәжірибе алмасу үшін кәсіби қоғамдастық өкілдерін бір алаңға жинады. BIM технологиялары мен ашық стандарттарды енгізу, жасанды интеллектіні қолдану жобалау мен құрылыс сапасын арттыруға, тиімділікті көтеруге және цифрлық шешімдердің үйлесімділігін қамтамасыз етуге жол ашады.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button