ІІМ жаңа бейнеролигі: өз әрекетімізбен өзгелерге кедергі жасамау маңызды
Ішкі істер министрлігі жаңа бейнеролик шығарды. Онда қарапайым өмірлік жағдай арқылы өз әрекеттеріміздің басқа адамдарға қалай әсер ететінін көрсетеді. Бейнероликте өзін жайсыз сезінген анасы ұлынан терезені жабуды сұрайды, себебі сырттан музыка мен көлік дауысы естіледі. Осы сәтте жігіт бұрын өзі де түнде көлікпен жүріп, қатты музыка қосып, аулада шулағанын есіне алады. Бұрын оның бұл әрекеттері біреудің тыныштығына кедергі келтіретінін ойламаған еді.
Тыныштықты бұзу — заңға қайшы әрекет
Кейде біз қарапайым әрекеттерімізбен кімге кедергі келтіріп жатқанымызды аңғармаймыз. Терезенің ар жағында ұйықтап жатқан бала, тыныштыққа мұқтаж қарт немесе сырқатынан айығып жатқан адам болуы мүмкін. Түнде қатты музыка қою мен шу шығару айналадағы адамдардың тыныштығын бұзады. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Жолдағы қауіпті әрекеттердің салдары
Дрифт жасап, жолда қауіпті маневр жасау — тек жүргізушінің ғана емес, жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Мұндай әрекеттер жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін қауіпті.
ІІМ: Өзара құрмет — қауіпсіздік кепілі
ІІМ өкілдері азаматтарды тыныштықты бұзбауға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды. Олар: «Өзара құрмет қарапайым әрекеттерден басталады. Тыныштықты бұзып, өзіңізге және жақындарыңызға қауіп төндірмеңіздер», — деп атап өтті.
Дереккөз: gov.kz



