Главные новости

Астанада гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік халықаралық акция басталды

Астанада 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді әрекеттің 16 күні» халықаралық акциясы өтеді. Бұл шараның мақсаты – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам назарын аудару, халықтың құқықтық сауатын арттыру және зардап шеккендерге көмек көрсету жолдарын түсіндіру.

Қоғамдық қауіпсіздік және алдын алу жұмыстары

Брифинг барысында Астана қаласы Полиция департаменті өкілдері мен дағдарыс орталықтарының жетекшілері елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Полиция департаменті келесі бағыттар бойынша түсіндіру және алдын алу шараларын күшейтеді:

  • Бұрын отбасылық зорлық-зомбылық болған отбасыларға барып, құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу;
  • Профилактикалық есепте тұрған адамдарды бақылау және қорғау нұсқамаларының орындалуын тексеру;
  • Оқу орындары мен еңбек ұжымдарында кездесулер мен дәрістер өткізу;
  • Көмекке мұқтаж отбасыларды анықтау үшін тұрғын үйлерді аралау;
  • Құқық бұзушылармен алдын алу әңгімелерін жүргізу;
  • Зардап шеккендердің құқықтары мен көмек қызметтерінің байланыс нөмірлерін тарату.

Іс-шараларға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, психологтар мен дағдарыс орталықтарының мамандары қатысады. Полиция өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа куә болған жағдайда немесе қауіп төнгенде 102 нөміріне, ал әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111, сенім телефоны бойынша 150 нөміріне хабарласуға кеңес береді.

Дағдарыс орталықтарының көмегі және қолдау шаралары

Елордадағы «Үміт» және «Қорғау» дағдарыс орталықтары тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға уақытша баспана мен әлеуметтік көмек көрсетеді. «Үміт» орталығында 70 орын бар, мұнда жәбірленушілерге уақытша баспана, әлеуметтік қызметтің 8 түрі, қауіпсіздік пен күнделікті қажеттіліктер қамтамасыз етіледі. 2026 жылдың басынан бері орталық 170 адамға көмек көрсеткен, олардың 53-і әйел, 117-сі бала.

«Қорғау» дағдарыс орталығының екі паналау орны бар, жалпы сыйымдылығы – 65 орын. Мұнда әйелдер мен балалар алты айға дейін тұра алады. Сондай-ақ психологиялық, заңгерлік, медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 2026 жылы орталықта 212 адам уақытша баспанада болған, оның 73-і – әйел, 139-ы – бала. Жыл басынан 41 әйел жұмысқа орналасты, жеті баланың анасы баспаналы болды. Балаларды мектепке орналастыру, құжаттарды қалпына келтіру, тегін көлік жүргізу курстарына қатысу сияқты шаралар іске асырылды.

Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі үшін

Дағдарыс орталықтары көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Олар әйелдердің және балалардың қоғамға қайта бейімделуі, жұмысқа орналасуы мен әлеуметтік қолдауға ие болуы үшін кешенді жұмыс жүргізеді. Мамандар орталықтан шыққан соң да азаматтармен байланысты үзбей, қажет кезде қосымша қолдау көрсетеді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде көптеген әйел тұрақты табысқа ие болып, балалары қажетті білім мен медициналық көмек алады. Бұл шаралар әйелдер мен балалардың қауіпсіз өмір сүруіне, өз болашағын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button