Общество

Бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне төлем: 2027 жылдан бастап жаңа ережелер

Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер бала туған соң Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем алады. Бұл төлем жүктілік пен босану төлемдерінің заңды жалғасы болып саналады және анаға баласы бір жарым жасқа толғанша күтім жасауға мүмкіндік береді.

Кімге және қанша уақытқа төленеді

Бұл әлеуметтік төлемді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын, яғни әлеуметтік аударым жасайтын аналар алады. Төлем бала туған күннен бастап тағайындалып, сәби бір жарым жасқа жеткенге дейін ай сайын төленеді. Егер екі немесе одан да көп бала дүниеге келсе, төлем әр балаға бөлек есептеледі. Өтінішті бала туғаннан кейін 18 ай ішінде беруге болады.

Төлем мөлшері және кепілдіктер

Төлем көлемі ананың бала туғанға дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40%-ына тең. Бұл ретте есепке алынатын ең жоғары табыс 2026 жылы 595 000 теңге (7 ең төменгі жалақы), ал 2027 жылдан 770 000 теңге болады. Егер есептелген төлем мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінен аз болса, Қор оны сол деңгейге дейін жеткізеді. Жүйе іске қосылғалы бері 2 миллионнан астам әйел қосымша төлем алды, ал жалпы төленген сома 312 млрд теңгеден асты.

Зейнетақы жарналарының аударылуы

Бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнен 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары ұсталып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады. Бұл декреттік демалыстағы аналардың зейнетақы жинақтарының үзілмеуіне мүмкіндік береді.

2027 жылдан бастап енгізілетін өзгерістер

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тек баланың анасы (немесе заңды өкілі) рәсімдей алады. Сонымен қатар, ана жұмысқа шықса да, төлемді алуды жалғастырады. Яғни, бала бір жарым жасқа толғанша ана өзі қалаған уақытта жұмысқа шыға алады, ал әлеуметтік төлем тоқтамайды. Бұл өзгерістер ана мен баланы қолдауға бағытталған.

Рәсімдеу тәртібі және цифрлық мүмкіндіктер

Әлеуметтік төлемді рәсімдеу процесі толық цифрланған. Бала дүниеге келгеннен кейін ақпараттық жүйе автоматты түрде төлем құқығын тексеріп, проактивті түрде SMS-хабарлама жібереді. Қажетті анықтамаларды жинаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ өтінішті eGov.kz порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары немесе ХҚКО арқылы беруге болады.

Статистика және сұраныс

2026 жылдың 10 айында бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді 504 мың адам алып, 287 млрд теңге төленді. Өтініш бергендердің 95%-ы электронды тәсілді таңдады. Ресми жұмыспен қамтылған аналарға бұл жүйе сенімді қолдау көрсетіп келеді. Ал 2027 жылдан енгізілетін өзгерістер ана мен баланың қажеттілігіне сай қолдауды күшейтеді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button