Әуе жолаушыларына арналған қауіпсіздік ережелері: нені білу керек
Әуе жолаушылары үшін қауіпсіздік – басты талаптардың бірі. Әуежайда заң талаптарын орындау жауапкершілігі тек қызметкерлерге емес, барлық жолаушыларға жүктеледі. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі азаматтарды сақ болуға және сапар алдында күмәнді ұсыныстардан бас тартуға шақырады.
Бөгде сәлемдемелерді тасымалдауға келіспеңіз
Кейбір алаяқтар жолаушылардың сеніміне кіріп, тыйым салынған заттарды тасымалдауды сұрауы мүмкін. Олар ақшаға немесе өтінішпен конверт, жүк, сәлемдемені басқа қалаға немесе шетелге жеткізіп беруді ұсынады. Мұндай ұсыныстар бастапқыда қауіпсіз көрінгенімен, ішінде не барын білмесеңіз, бұл заң бұзушылыққа әкелуі мүмкін.
Басты қағида – ішіндегі заттарынан хабарыңыз жоқ сәлемдемелерді қабылдамау. Мұндай өтініштерді тіпті таныстар немесе туыстар арқылы келген жағдайда да орындамаған жөн. Жеке заттарыңызды қараусыз қалдырмауға және бөгде адамдарға багажға қол жеткізуге мүмкіндік бермеуге кеңес беріледі.
Халықаралық рейстерде ерекше сақтық қажет
Шекарадан тауар немесе құндылықтарды заңсыз өткізу – контрабанда деп саналады. Бұл үшін бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер күдікті заттарды байқасаңыз немесе құқық бұзушылық белгілерін анықтасаңыз, дереу полицияға немесе әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметіне хабарласыңыз.
Қауіпсіздік – әр адамның жауапкершілігі
«Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғам қауіпсіздігі үшін әр азаматтың жеке жауапкершілігін көрсетеді. Жолаушылардың қырағылығы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әуе тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Заңды сақтау әр адамның саналы таңдауынан басталады. Өзге адамдардың белгісіз сәлемдемелерін тасымалдаудан бас тартып, заңсыз әрекеттерге жол бермеңіз.
Дереккөз: gov.kz



