Абай облысында бір аптада есірткі жарнамасы бар 240 граффити жойылды
Абай облысында полиция және студенттік жастар «Есірткіге қарсымыз!» атты акцияға атсалысып, есірткіні насихаттайтын жазуларды жоюда. Бір апта ішінде облыс аумағындағы 240 граффити өшірілді.
Бұл шараны Абай облысы полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырды. Акцияның мақсаты – жастар мен құқық қорғау органдарының күшін біріктіріп, қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жастардың есірткі қылмысына тартылуына жол бермеу.
Граффити жазуларында кейде есірткі сататын сайттардың сілтемелері жасырын болуы мүмкін. Акцияға қатысушылар осындай қауіпті жарнамаларды жою арқылы оның таралуын тежеуге үлес қосуда.
Студенттер үшін бұл бастама өз қатарластарына оң үлгі көрсетуге мүмкіндік береді. Қалаға жанашырлық таныту, күмәнді жазуларға бейжай қарамау және қауіп төнгенде досын ескерту — әркімнің қолынан келетін нақты әрекет.
Дереккөз: gov.kz



