Қазақстан тозған жерлерді қалпына келтіру бойынша әлемде үшінші орында
Қазақстан тозған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарының ауқымы бойынша әлемде үшінші орынға ие болды. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) «Nature’s Comeback» атты алғашқы жаһандық баяндамасында айтылған. Баяндамада елімізде қалпына келтіріліп жатқан жердің жалпы аумағы 8,13 млн гектар екені көрсетілген. Бұл Қазақстан территориясының шамамен 3 пайызын құрайды.
Қазақстан әлемдік рейтингте Қытай мен Моңғолиядан кейін тұр
БҰҰ баяндамасында Қазақстан тозған жерлерді қалпына келтіру көлемі бойынша Қытай (127,4 млн гектар) және Моңғолиядан (12,18 млн гектар) кейін үшінші орында келгені атап өтілген. Бұл деректерді БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) және Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция хатшылығы бірігіп дайындаған.
Жерді қорғау және мониторинг жүйесі күшейтілді
Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын сақтау мен тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Соңғы жылдары топырақтың жай-күйін бағалау, тозған аумақтарды анықтау және мониторинг жүргізу үшін цифрлық технологиялар енгізілді.
2025–2026 жылдары электрондық карталар арқылы 114 млн гектар жер бақылауға алынған. Нәтижесінде, 2,7 млн гектар тозған ауыл шаруашылығы алқаптары анықталды. Бұл деректер қалпына келтіруге басымдық берілетін аумақтарды белгілеуге және топырақ құнарлылығын сақтау шараларын жоспарлауға мүмкіндік береді.
Топырақты қорғау туралы заң қабылданды
2026 жылғы 8 шілдеде «Топырақты қорғау туралы» ҚР Заңы қабылданады деп жоспарланған. Бұл құжат топырақты зерттеу мен қорғаудың құқықтық тетіктерін бекітіп, жер ресурстарын жүйелі қорғауға заңнамалық негіз болады.
Министрлік қазір аймақтық атқарушы органдармен бірлесіп, топырақты қорғау бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарларын әзірлеп жатыр. Бұл жоспарлар тозу үдерісінің алдын алуға, ауыл шаруашылығы жерлерін қалпына келтіруге және олардың өнімділігін арттыруға бағытталған.
Экожүйелерді қалпына келтіру бойынша жаңа тәсілдер енгізілуде
Қазақстан экожүйелерді қалпына келтірудің халықаралық тәжірибесін цифрлық мониторинг, заңнаманы жетілдіру және өңірлік жоспарлаумен ұштастырып, жер ресурстарын басқару жүйесін кезең-кезеңімен нығайтып келеді. Ең басты міндет – тозған жерлерді ғана емес, топырақтың жағдайына уақтылы назар аударып, оның құнарлылығы мен жердің өнімділігін болашақ ұрпақ үшін сақтау.
Дереккөз: gov.kz



