ТМД елдерінің төтенше жағдайлар басшылары Шымкенттегі №7 өрт сөндіру бөлімінде болды
ТМД елдерінің делегациялары Шымкентте өтетін Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңестің XXXVIII отырысына жиналды. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов шетелдік әріптестерге жақында толық жаңғыртудан өткен №7 өрт сөндіру бөлімін көрсетті.
Қонақтар бөлімнің өрт сөндіру техникасын, жабдықталуын және қазақстандық құтқарушылардың жұмыс жағдайын көрді. Танысу шарасына Өзбекстан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения елдерінің тиісті ведомство басшылары мен өкілдері қатысты. Жиында өрт сөндіру бөлімшелерін жарақтандыру және жеке құрамды оқыту мәселелері талқыланды.
№7 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты 1983 жылы салынған. 2014 жылы өрт сөндіру қызметіне берілген бұл нысан 2026 жылы алты ай бойы жөндеуден өтті. Қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылып, оқу сыныптары, жатын және киім ауыстыру бөлмелері жабдықталды. Сондай-ақ спорт алаңдары мен демалыс орындары абаттандырылды. Шетелдік делегацияға бөлімшенің жаңа мүмкіндіктері мен тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру тәртібі таныстырылды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңестің XXXVIII отырысы 13 қарашада Шымкентте өтеді. Қазақстан бұл халықаралық кездесуді соңғы 11 жылда алғаш рет өткізгелі отыр. Отырыста тоғыз ел мен ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері бірлескен әрекеттер мен құтқарушыларды даярлау, азаматтық қорғаудағы халықаралық ынтымақтастық тақырыптарын талқылайды.
Дереккөз: gov.kz



