Қазақстанда халықаралық жүк тасымалында электрондық жүкқұжаттар енгізіліп жатыр
Қазақстанда халықаралық жүк тасымалын электрондық жүкқұжаттар арқылы рәсімдеу кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл қадам «Жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шарты туралы конвенцияға электрондық жүкқұжатқа қатысты қосымша хаттаманы» ратификациялау нәтижесінде жүзеге асып отыр. Қосымша хаттама 2008 жылғы 20 ақпанда Женевада қабылданған.
Электрондық жүкқұжатқа көшу қандай мүмкіндік береді
Қосымша хаттама деректерді электрондық түрде тіркеу мен өңдеу технологияларын пайдалана отырып, жүкқұжаттарды қағазсыз рәсімдеуге жол ашады. Бұл халықаралық жүк тасымалына қатысатын тараптардың құжат айналымын толық цифрландыруға мүмкіндік береді.
Электрондық құжаттарды енгізу арқылы бақылау рәсімдеріне кететін уақыт пен еңбек шығыны азаяды. Сонымен бірге, құжаттарды басып шығару, өңдеу және сақтау шығындары қысқарады.
Тасымалдаушылар үшін қандай артықшылығы бар
Қазақстанның қосымша хаттамаға қосылуы отандық және шетелдік тасымалдаушылардың жұмыс шарттарын біріздендіруге бағытталған. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.
Жаңа жүйе еуразиялық көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін нығайтып, түрлі көлік түрлерінің өзара іс-қимылын жеңілдетеді. Халықаралық автотасымалдауды цифрландыру Қазақстан экономикасының цифрлық трансформациясының бір бөлігі саналады.
Дереккөз: gov.kz



