ШҚТУ COP31 конференциясында Қазақстанның ғылыми-технологиялық жетістіктерін таныстырды
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (ШҚТУ) Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында өткен халықаралық сессияны ұйымдастыруға атсалысты. «Энергетикалық ауысуды қамтамасыз ету: энергетикалық қауіпсіздік, ұтқырлық және критикалық минералдар» атты шара Қазақстанның ұлттық павильонында өтті. Бұл сессияны ШҚТУ, Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO), RTCC ұйымы бірлесіп өткізді.
Халықаралық ынтымақтастық және сессияның мазмұны
Іс-шараға АҚШ, Марокко және өзге мемлекеттердің халықаралық ұйымдары, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері қатысты. Сессияда энергетикалық қауіпсіздік, экологиялық таза көлік жүйелері, критикалық маңызы бар және сирек жер металдарын өндіру мен өңдеу, сондай-ақ жоғары технологиялық салаларға мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
ШҚТУ-дың ғылыми әзірлемелері мен жобалары
Университет критикалық маңызы бар минералдық ресурстарды зерттеу мен өңдеу бойынша ғылыми-технологиялық әзірлемелерін, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту және инженерлік кадрлар даярлау саласындағы тәжірибесін таныстырды. ШҚТУ Еуропалық одақтың Horizon Europe бағдарламасы аясында іске асып жатқан TiBeRIUM жобасына қатысады. Бұл жоба титан мен бериллийді өңдеудің экологиялық тиімді технологияларын әзірлеуге бағытталған.
Сонымен қатар, ШҚТУ Бельгиядағы Лёвен католик университеті (KU Leuven), Финляндияның геологиялық қызметі (GTK) және өзге шетелдік ғылыми ұйымдар, өнеркәсіптік кәсіпорындармен әріптестігін дамытып жатыр. Перспективалы бағыттардың бірі – университет базасында сирек жер элементтерін зерттейтін ғылыми орталық құру.
Қазақстан ғылымының халықаралық беделі
ШҚТУ-дың COP31-дегі сессияны ұйымдастыруға қатысуы Қазақстан ғылымының халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға, ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге және отандық зерттеулердің жаһандық климаттық әрі өнеркәсіптік мәселелерді шешудегі үлесін күшейтуге ықпал етеді.
Дереккөз: gov.kz



