Общество

COP31: Қазақстанда табиғи экожүйелерді қалпына келтіру мен көміртекті қаржыландыру талқыланды

9 қарашада Анталья қаласында өтіп жатқан COP31 климаттық конференциясында Қазақстанның Ұлттық павильонында шымтезекті батпақтар мен сулы-батпақты алқаптарды қалпына келтіру мәселелеріне арналған арнайы сессия өтті. Бұл шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) және Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бірлесіп ұйымдастырды.

Сессияға мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар, ғылыми қауымдастық пен қаржылық серіктестердің өкілдері қатысты. Кездесуді ашқан Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Т. Ошурбаев табиғи экожүйелерді қалпына келтірудің климаттың өзгеруіне қарсы күресте, су ресурстары мен биоалуантүрлілікті сақтауда ерекше маңызы барын атап өтті.

Сулы-батпақты алқаптардың маңызы

Шымтезекті батпақтар көміртекті жинақтау, су режимін реттеу және түрлі жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ету ортасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Мұндай аумақтардың тозуы парниктік газдар шығарындыларының көбеюіне, өрттің жиілеуіне және табиғи аумақтардың жойылуына әкелуі мүмкін.

Қазақстан үшін сулы-батпақты алқаптар ерекше мәнге ие. Олар су қорын сақтауға, құрғақшылық пен шөлейттенуге қарсы табиғи тосқауыл қызметін атқарады және құстардың көші-қон жолдарында маңызды орын алады. Қазақстан Рамсар конвенциясының қатысушысы ретінде халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарды қорғау бойынша жұмыстарын жалғастырып келеді.

Көміртекті қаржыландыру және аймақтық ынтымақтастық

Вице-министр экожүйелерді қалпына келтіру үшін ғылыми негізделген шешімдер, тиімді басқару және жеткілікті қаржыландыру қажет екенін айтты. Табиғат қорғау жобаларын жүзеге асыруға көміртекті қаржыландыру тетіктері қосымша қолдау бола алады. Бұл ретте көміртек кредиттерінің нәтижелері нақты әрі ашық мониторинг, есептілік және верификация арқылы расталуы тиіс. Жобаларды іске асыруда биоалуантүрлілікті сақтау мен жергілікті қоғамдастықтардың мүддесін ескеру негізгі шарттардың бірі саналады.

М.Т. Ошурбаев көміртекті қаржыландыру мемлекеттік инвестициялар мен халықаралық қолдауды толықтыруы керек екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Орталық Азия елдерінің су ресурстары, экожүйелер мен жануарлардың көші-қон жолдары арқылы өзара тығыз байланысты екенін, осы бағытта өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор екенін жеткізді. Вице-министр пікірталас нақты ұсыныстар әзірлеуге және әріптестік байланыстарды нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button