Политика

Шетелдік дипломаттарға Президент Жолдауының басты бағыттары таныстырылды

2026 жылғы 9 қарашада Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар жетекшілері үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауына арналған брифинг өткізді. Жиынға шамамен 100 дипломатиялық корпус өкілі қатысты. Спикер ретінде Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев және Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов сөз сөйледі.

Жолдаудың негізгі міндеттері мен сыртқы саясаттағы басымдықтар

Мұхтар Тілеуберді Президент Жолдауы ел тәуелсіздігінің 35 жылдығында жарияланып, өткен жылдар қорытындысы мен алдағы ұзақ мерзімді даму стратегиясын айқындайтынын айтты. Ол Қазақстан жаһандық тұрақсыздық кезеңінде сыртқы саясатта сабақтастықты сақтап, конструктивті диалогты және халықаралық міндеттемелерге адалдықты басшылыққа алатынын атап өтті. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялар 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд долларды құрағаны да айтылды. Министр Президенттің ауқымды реформалары шетелдік әріптестер мен инвесторларға ашық және өзара тиімді ынтымақтастыққа мүмкіндік беретінін жеткізді.

Инфрақұрылым және инвестициялық жобалар

Сыртқы істер министрі 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғырту үшін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінетінін, ал 2027 жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс» жылы деп ұсынылғанын атап өтті. Қазақстан шетелдік серіктестерге ұзақ мерзімді жоспарлау, ірі келісімшарттарға қатысу және инвестицияларды қорғау тетіктерін ұсынады. Инвестициялық сот құру, жаңа Азаматтық кодекс қабылдау жоспарлануда. Әрбір маңызды инвестициялық жобаны Қазақстанның шетелдегі мекемелері жеке сүйемелдейді.

Өнеркәсіп және құрылыс саласындағы жаңа қадамдар

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс» бағдарламасы өнеркәсіп дамуына және инвестиция тартуға серпін беретінін айтты. Өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 13%-ға жетіп, тау-кен саласын басып озған. 2023 жылдан бері 647 жоба іске асырылды. Перспективалы бағыттар қатарында машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және электротехника аталды. Инвесторларға түрлі преференциялар мен қолдаулар көрсетіледі.

Көлік және логистика саласындағы жоспарлар

Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов Қазақстанның Еуразиядағы басты логистикалық хабқа айналуы және халықаралық жүк ағындарын ұйымдастырушы рөлін күшейту қажеттігін айтты. Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүктің 85%-ы Қазақстан арқылы өтеді, 2023 жылы транзит көлемі 18%-ға өсіп, 39,1 млн тоннаға жеткен. Алдағы уақытта Бақты–Аягөз теміржолы, Арал–Каспий күре жолы, шекара бекеттерін жаңғырту және Астанада жаңа әуежай салу жоспарланған. Транскаспий халықаралық көлік бағытына ерекше мән беріліп, шетелдік инвесторларға порттар, әуежайлар мен логистикалық орталықтарға инвестиция салу ұсынылды.

Инвестициялық ахуал және халықаралық әріптестік

Сұрақ-жауап барысында дипломатиялық өкілдіктер басшылары Қазақстандағы инвестициялық климат, инвестицияларды қорғау кепілдіктері мен жаңа жобаларға қатысу шарттарына қызығушылық танытты. Спикерлер толық жауап беріп, ынтымақтастыққа дайын екендерін білдірді. Қорытындыда Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері заманауи өндірістер құру мен технологиялар трансферіне мүдделі компанияларға жан-жақты қолдау көрсететіні, ел ұзақ мерзімді инвестициялық әріптестікке ашық екені атап өтілді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button