Экономика

Ерсайын Нағаспаев Президент Жолдауын шетелдік дипломаттарға таныстырды

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Сыртқы істер министрлігінде өткен жиында шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар басшыларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын жеткізді.

Индустрияны дамытуға басымдық беріледі

Министр өз сөзінде 2027 жылдың Жалпыхалықтық құрылыс жылы болып жариялануы елімізде инфрақұрылымды жаңартуға және жаңа өндіріс орындарын құруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осы мақсатқа 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінетіні белгілі болды.

Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысы белгілегендей, мемлекеттік инвестициялар бірінші кезекте отандық өндірісті дамытуға бағытталатынын айтты. Жаңа жобалар өнім тапшылығын болдырмауға, өндірістегі жаңа технологияларды енгізуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталмақ.

Экономикада құрылымдық өзгерістер жүруде

Министр Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі жалпы ішкі өнімнің негізгі қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті. Бүгінгі таңда бұл сектордың үлесі 13%-ға жетіп, тау-кен өндіру саласынан асып түсті. 2023 жылдан бері 647 жоба іске қосылса, жыл соңына дейін тағы 200 жоба іске қосылмақ.

Сондай-ақ, Президент жүктеген минералдық-шикізат әлеуетін дамыту, шикізатты өңдеу және жоғары технологиялық салаларға қажетті материалдар өндіруге байланысты міндеттерге ерекше назар аударылды.

Инвесторларға қолдау шаралары таныстырылды

Дипломаттар инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау тетіктерімен, атап айтқанда салықтық және кедендік жеңілдіктермен, жер телімдері мен инфрақұрылым берумен, сондай-ақ жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеумен танысты.

Жиын соңында Ерсайын Нағаспаев министрлік индустрия мен құрылыс саласындағы перспективалы жобаларды іске асыруды бақылауда ұстап, халықаралық әріптестікті дамытуға қолдау көрсететінін айтты.

Другие новости

Back to top button