Образование

Coursera Learning Excellence Award халықаралық сыйлығы Қазақстанға табысталды

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Лондонда өткен London FWD шарасында Coursera Learning Excellence Award халықаралық сыйлығына ие болды. Бұл шара Coursera мен Udemy секілді жетекші білім беру технологиялық платформаларын және Еуропа, Таяу Шығыс пен Африка елдерінің маңызды серіктестерін біріктірді.

Марапаттау рәсімінде халықаралық EY консалтингтік компаниясы, Ұлыбританияның Nationwide банкі мен Италияның bIP технологиялық консалтингтік компаниясы да марапатталды. Іс-шараға Coursera бас директоры Грег Харт және цифрлық білім мен кадр даярлауда жұмыс істейтін әлемдік ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Халықаралық марапаттың берілу себептері

Қазақстанға бұл сыйлық халықаралық онлайн оқытуды жоғары білім жүйесіне енгізу, сондай-ақ экономикада сұранысқа ие цифрлық құзыреттер мен жасанды интеллект саласындағы дағдыларды дамытудағы табыстары үшін берілді. Қазақстан мен Coursera арасындағы ынтымақтастық 2022 жылы басталып, білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды бағытына айналды.

Министрлік үшін цифрлық білімді дамыту – басым бағыт. Ведомство халықаралық онлайн оқыту платформаларымен әріптестікті күшейтіп, студенттердің еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларын қалыптастыру бағытында жұмыс істеп келеді.

Coursera платформасы арқылы қол жеткізілген нәтижелер

Coursera бағдарламасы аясында қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері мыңдаған халықаралық онлайн курс пен кәсіби сертификаттау бағдарламаларына қол жеткізіп, тәжірибелік дағдыларын дамытты. Бүгінде Coursera платформасында 292 мыңнан астам білім алушы сертификат алып, берілген сертификаттардың жалпы саны 682 мыңнан асты. Оқуға жұмсалған уақыт 5,35 миллион сағаттан асса, 163 098 академиялық кредит есепке алынды.

Coursera-мен ынтымақтастық аясындағы жаңа қадамдар

2026 жылы Қазақстанның 100 жоғары оқу орны Coursera платформасын пайдалануға 38 184 лицензия алды. Қазіргі уақытта 100-ден астам университет Coursera курстарын өз бағдарламаларына енгізіп, онлайн оқыту нәтижелерін ресми түрде тану тәжірибесін дамытып отыр.

Болашаққа бағытталған бастамалар

Coursera Learning Excellence Award сыйлығы Қазақстанның цифрлық білім мен жасанды интеллект саласындағы ұлттық стратегиясының табысты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бұл жетістік студенттердің алған білімдері мен дағдыларын іс жүзінде қолдануына, жаңа кәсіпкерлер буынын қалыптастыруға және стартап экожүйесін дамытуға жол ашуда.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button