Түркістан облысында қараусыз жүрген жылқылардың иелері әкімшілік жауапқа тартылды
Түркістан облысында полиция қызметкерлері абаттандырылған аумақты сақтау мақсатында бақылауды күшейтті. Бұл жұмыстар аясында жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары тиімді қолданылып отыр.
Ордабасы ауданында камералар арқылы көше бойында қараусыз жүрген 27 жылқы анықталды. Бұл малдар егілген гүлдер мен көгалдарды таптап, абаттандырылған аумаққа зиян келтірген. Оқиғаға жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері төрт түлікті арнайы орынға айдап апарды.
Тексеру барысында жылқылардың иелері анықталды. Олардың әрқайсысына әкімшілік шара қолданылды. Полиция өкілдері тұрғындарға малды қараусыз жіберу заң алдында жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. Себебі қараусыз жүрген мал жол-көлік оқиғаларына және қоғамдық орындардың бүлінуіне себеп болуы мүмкін.
Дереккөз: gov.kz



