Астанада Президент Жолдауындағы әлеуметтік міндеттер талқыланды
Елордада «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, №70 мектеп-лицейде, Еңбек мобильділігі орталығында және №6 қалалық емханада халықты әлеуметтік қорғау саласының мамандары бас қосып, «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» тақырыбында кездесулер өткізді. Жиындарда Президент Жолдауының негізгі бағыттары, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қызметтердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Әлеуметтік реформалар және мемлекеттік қолдау шаралары
Кездесулер барысында әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру, мемлекеттік қолдауды кеңейту, ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен қарттарға көмек көрсету жолдары сөз болды. Спикерлер өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың өмір сапасын жақсарту және адам мүддесін бірінші орынға қоятын мемлекетті қалыптастыру екенін атап өтті.
ҚР Құрылтайының Қаржы және бюджет комитеті төрағасы Ольга Перепечина Президент бастамаларын заңнамалық қамтамасыз ету – Парламенттің міндеті екенін айтты. Ол бюджеттен бөлек, квазимемлекеттік сектор, екінші деңгейлі банктер, даму институттары мен отандық бизнес ресурстарын тарту қажеттігін жеткізді. Әлеуметтік көмек нақты мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Ең төменгі жалақы мен «Халықтық құрылыс» бағдарламасы
Кездесуде 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өсетіні айтылды. Бұл өзгеріс 1,8 миллион адамға, оның ішінде бюджет саласының 370 мың қызметкеріне әсер етеді. Жалақының өсуі инфляцияға жұтылып кетпеуі үшін Үкімет пен әкімдіктерге азық-түлік бағасын тұрақтандыру, тарифтерді реттеу міндеті қойылды.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында 2029 жылға дейін әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінбек. Қаражат бөлу кезінде демографиялық болжамдар мен өңірлердің нақты қажеттілігі ескеріледі. Басым бағыттар: денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде оңалту орталықтарын салу.
Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігі
Кездесуде цифрландыру мәселесі де қозғалды. Заманауи технологиялар мемлекеттік қызметтерді алуға кедергі келтірмеуі тиіс. Егде жастағы азаматтар мен басқа да тұрғындарға цифрлық сервистерді пайдалану қиын болса, жеке қабылдау мен кеңес алу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ дербес деректерді қорғау мен халықтың цифрлық сауатын арттырудың маңыздылығы аталды.
Әлеуметтік көмек жүйесінің жаңа тәсілдері
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Асқар Әбілдаұлы жәрдемақы мен әлеуметтік көмекті жетілдіру жоспарларын таныстырды. Отбасылардың әл-ауқатын бағалау жаңа жүйе бойынша алты бағыттағы 59 көрсеткішпен жүргізіледі. Ауқатты отбасылар (А және В санаттары) мемлекеттік жәрдемақы алмайды. Осал топтарға (D және E санаттары) кіретіндер толық қолдау алады. ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері, мүгедектігі бар адамдар мен көпбалалы аналар жәрдемақыларды бұрынғы көлемде алады.
Отбасылардың әлеуметтік құрамы (қарттар, мүгедектігі бар азаматтар, балалар) есепке алынады. Категориялар жүйесі нақты мұқтаждықты анықтап, көмекке шынымен зәру азаматтарға бюджет қаражатын бағыттауға мүмкіндік береді. Автоматтандырылған жүйе отбасылардың мәртебесі өзгерсе, төлемдерді қайта қарастырады.
Отбасы құндылықтары және қоғамдық жауапкершілік
Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай қоғамдық жауапкершілік, отбасының рөлі мен адамгершілік құндылықтардың маңызын атап өтті. Мемлекеттік бастамаларды іске асыру заңға құрмет пен жеке жауапкершілікті күшейтумен қатар жүруі керек. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау заң талаптарын сақтау және жауапкершілікпен ұштасуы тиіс. Заң мен тәртіп отбасынан, тәрбиеден басталады.
Жиын барысында әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелері талқыланып, реформалардың әр азаматқа нақты нәтиже беруі, әділ қолдау мен тең мүмкіндік, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және лайықты өмір сапасын қамтамасыз ету қажеттігі баса айтылды.
Дереккөз: gov.kz


