Экономика

Серік Жұманғарин мен Қытай қаржы министрі ТХКБ-ға арналған инвестициялық қор құруды талқылады

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастыққа арналған екінші Тянь-Шань форумы аясында Қытайдың қаржы министрі Лань Фоаньмен кездесті. Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға арналған бірлескен инвестициялық қор құру негізгі тақырыптардың бірі болды.

Бірлескен қордың мақсаты мен көлемі

Бұл бастаманы Қазақстан тарапы биыл шілде айында Шанхайда өткен Қазақстан мен Қытай басшыларының кездесуінде ұсынған болатын. Қазіргі уақытта алдын ала көлемі 200 миллион долларға дейін, әрі қарай ұлғайтуға мүмкіндік беретін қазақ-қытай тікелей инвестициялар қорын құру ұсынысы қарастырылуда.

Жұмысты үйлестіру және қаржы институттарының рөлі

Серік Жұманғарин қорды іске қосуды жылдамдату үшін екі елдің жауапты қаржы институттарын анықтап, олар бірігіп қор қызметіне қатысты ортақ тәсіл әзірлеуі керек екенін айтты. Вице-премьердің сөзінше, уағдаластықтардан нақты жобаларды қаржыландыруға көшу үшін кешенді қаржылық жүйе қалыптастыру қажет.

Үш негізгі қаржыландыру тетігі

Қазіргі уақытта үш негізгі қаржыландыру механизмі құрылып жатыр:

  • Silk Road Finance Corporation қатысуымен Kazakh Invest Fund;
  • «Бәйтерек» ҰИХ және Silk Road Fund қатысуымен қазақ-қытай тікелей инвестициялар қоры;
  • «Бәйтерек» ҰИХ, Қазақстанның Даму банкі, China Development Bank, China EximBank, Bank of China, ICBC, Sinosure және өзге де қаржы институттары арқылы жобалық борыштық және сақтандыру құралдары.

Бірыңғай «терезе» және пилоттық жобалар

Серік Жұманғарин осы тетіктерді жаңа ұйым құрмай-ақ, жобалық қаржыландыру мен сақтандырудың бірыңғай қазақ-қытай «терезесі» арқылы біріктіруді ұсынды. Бұл бастама әр жоба үшін кешенді қаржылық шешім әзірлеуге мүмкіндік береді.

Ұсынылған механизмді сынақтан өткізу үшін бірнеше пилоттық жобаны таңдап, оларды инвестициялық шешім қабылдаудан бастап қаржыландыруға дейін толық қолдау жоспарланып отыр. Бұл жобаларды іске асыру кезінде кездесетін кедергілерді анықтауға және жоюға жағдай жасайды.

Қытай Экспорттық-импорттық банкімен ынтымақтастық

Тараптар басым инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруда Қытайдың Экспорттық-импорттық банкімен өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше көңіл бөлді. Қазіргі кезде Қазақстанда көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірнеше маңызды бастама пысықталуда.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button