Агробизнеске арналған қаржыландыру бағдарламалары: негізгі шарттар мен талаптар
Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту үшін ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстарды тарту маңызды міндеттердің бірі саналады. Мемлекет басшысының Жолдауында ауыл шаруашылығын қолдау үшін қаржыландыруды көбейту туралы айтылған. Бүгінде ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы бірнеше қаржылық бағдарлама ұсынылады. Қаржыны тиімді пайдалану үшін несие мөлшерлемесімен қатар, мақсаты, мерзімі мен өтеу тәртібін ескеру қажет.
Көктемгі егіс пен жинау жұмыстарына арналған қаржыландыру
Егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін «Кең дала 2» бағдарламасы іске асырылады. Бұл бағдарлама аясында бөлінген қаражат тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға жұмсалады. Қайта өңдеу кәсіпорындары үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін алдын ала сатып алуға несие беріледі. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5% (тиімді мөлшерлеме 5%-дан басталады). Транш мерзімі – 18 айға дейін, ал кредиттік желі 36 айға дейін жарамды. Өсімдік шаруашылығымен айналысатындарға қаржы мөлшері алқап ауданы мен шығын нормативіне байланысты есептеледі. Несиені өтеу өндірістің маусымдық кезеңіне ыңғайластырылған. Қарыз алушының ауыл шаруашылығында кемінде үш жылдық тәжірибесі болуы шарт. Тәжірибесі аздарға облыс әкімдігі қолдаухат береді.
Айналым қаражатын толықтыруға арналған бағдарламалар
«Агробизнес» бағдарламасы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар мен мал шаруашылығы кешендеріне айналым қаражатын толықтыру үшін қаржы ұсынады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5%. Несие мерзімі – 12 айға дейін, кредиттік желі 36 айға дейін. Мал бордақылау үшін алынған қаражаттың ең кемі 70%-ы мал сатып алуға жұмсалуы тиіс. Етті және сүтті бағыттағы шаруашылықтар жемшөп, жанар-жағармай, ветеринария мен жабдық алуға, қызметкерлерге еңбекақы төлеуге қаржы алады. Бұл бағдарлама өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арналған қаржыландыру
Ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларға «Агробизнес 2.0» бағдарламасы қарастырылған. Ол мал және өсімдік шаруашылығы, суару жүйелері, бақша, жылыжай, сақтау және қайта өңдеу, жемшөп өндірісі сияқты бағыттарды қамтиды. Қаржыландырудың ең жоғары сомасы – 15 млрд теңге. Сыйақы мөлшерлемесі – 12,6%. Инвестициялық мақсаттарға несие 15 жылға дейін, айналым қаражатқа 4 жылға дейін беріледі. Қарыз алушының жобаны іске асыруға өз қаражаты болуы, экономикалық негіздеме мен өткізу нарығын көрсетуі талап етіледі.
Асыл тұқымды мал сатып алуға арналған арнайы бағдарламалар
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін «Игілік» және «Береке» бағдарламалары іске асырылады. «Игілік» – ірі қара саны 100-ден 499-ға дейін, ұсақ мал 500-ден 999-ға дейінгі шаруашылықтарға арналған. «Береке» – ірі қара 500 бастан, ұсақ мал 1 000 бастан асатын шаруашылықтарға қолданылады. Сыйақы мөлшерлемесі – 6%. Қаржыландырудың ең көп сомасы – 5 млрд теңге, мерзімі – 7 жылға дейін. Бұл бағдарламалар тек асыл тұқымды мал сатып алуға арналған, ал тауарлық малға қаржы берілмейді. Сатып алынған мал кемінде төрт жыл мақсатына сай қолданылуы тиіс.
Бағдарлама таңдауда ескерілетін негізгі жайттар
Ауыл шаруашылығы өндірушісі қаржыландыру бағдарламасын таңдағанда несие мөлшерлемесінен бұрын, қаражаттың мақсатын, табыстың түсу мерзімін және несиені өтеу көзін анықтап алуы керек. Маусымдық циклге қаржы қажет болса – өтеу кестесі сәйкес бағдарлама, техника немесе құрылыс үшін – несие мерзімі мен төлем көлемі маңызды. Ірі жобаларда өзін-өзі ақтау мерзімін ескеру керек. Сондай-ақ кепіл мүлкі, жұмыс тәжірибесі, жеке қаражаттың жеткіліктілігі, егіс алқабы мен өткізу нарығы бар-жоғы, құжаттардың толықтығы да шешуші рөл атқарады. Барлық талап пен құжаттар тізімі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ресми сайтында жарияланған.
Дереккөз: gov.kz



