Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласына арналған кәсіби стандарттар әзірленіп жатыр
29 қазанда Энергетика министрлігінің жаңартылатын энергия көздері саласындағы Кәсіптік біліктіліктер жөніндегі салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында жаңартылатын энергия көздеріне арналған жаңа кәсіби стандарттардың әзірленіп жатқаны хабарланды.
Бес кәсіби стандарт жобасы дайындалды
Технологиялық үдерістер мен еңбек нарығының қажеттіліктерін сараптау нәтижесінде күн және жел энергетикасы, сондай-ақ жасыл сутектің электрохимиялық өндірісі бағыттарын қамтитын бес кәсіби стандарттың жобасы әзірленді. Бұл құжаттар күн және жел электр станцияларын жобалау, салу, іске қосу, пайдалану және техникалық қызмет көрсету саласындағы мамандарға, сондай-ақ жасыл сутек өндіру саласына қойылатын негізгі біліктілік талаптарын анықтайды.
Цифрлық құзыреттер мен жасанды интеллект қолдану талаптары енгізілді
Кәсіби стандарттарды дайындау кезінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жасанды интеллект элементтері мен цифрлық дағдыларды енгізу туралы тапсырмасы ескерілді. Жобаларда энергетиканы цифрлық трансформациялау, автоматтандырылған басқару, өндірістік деректерді талдау және цифрлық мониторинг жүйелері секілді талаптар қамтылған.
Салалық жоспар және қоғамдық талқылау
Кеңес отырысында 2027–2029 жылдарға арналған жаңартылатын энергия көздері саласындағы біліктіліктер мен дағдылар жүйесін дамытуға бағытталған салалық жоспар да қаралды. Бұл жоспар саланың болашақтағы қажеттіліктеріне сай кадрларды даярлауға және біліктілікті арттыруға бағытталған. Жақын арада бес кәсіби стандарттың жобасы «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталында көпшілік талқылауына ұсынылады.
Дереккөз: gov.kz



