Қазақстан мен Беларусь ұлттық кітапханалары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Қазақстан мен Беларусь кітапханалары ынтымақтастықты нығайтады
29-30 қазан күндері Минск қаласында «Кітапхана – мәдениет феномені» атты XIII халықаралық конгресс өтті. Іс-шара аясында Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасы мен Беларусь Ұлттық кітапханасы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум мазмұны
Ынтымақтастық туралы құжат екі ел кітапханалары арасында кітап пен ақпараттық ресурстар алмасуды, көрмелер мен бірлескен жобаларды ұйымдастыруды, сондай-ақ кітапхана қызметкерлерінің тәжірибе алмасуын қарастырады.
Қазақстан тәжірибесі мен жаңа бастамалар
Конгресс барысында Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова «Оқу мәдениетін дамытудағы және оқитын ұлт қалыптастырудағы кітапханалардың рөлі: Қазақстан тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде кітапхана инфрақұрылымын жаңарту, отандық әдебиетті қолдау және кітап оқуды насихаттау бағытындағы жұмыстарды атап өтті.
Сондай-ақ, баяндамашы оқырмандардың кітап оқу дағдыларына қатысты зерттеу нәтижелерін ұсынды. Кітапхана жұмысын цифрландыру және халықты тұрақты түрде кітап оқуға тарту мәселелері де қозғалды.
Ынтымақтастықты жалғастыру туралы келісім
Кездесу соңында тараптар екіжақты әріптестікті күшейтуге және меморандум аясында ортақ бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.
Дереккөз: gov.kz



