Республика күні қарсаңында ғылым және жоғары білім саласының үздіктері марапатталды
Республика күніне орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Жиын барысында ғылым мен жоғары білім саласының дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырылды.
Министр Саясат Нұрбек қатысушыларды ұлттық мерекемен құттықтап, ел дамуы үшін сапалы білім мен ғылымның маңызына тоқталды. Ол адам капиталын дамыту – Қазақстанның конституциялық басымдығы екенін, бұл бағытта жаңа кезең басталғанын айтты. Министрдің сөзінше, отандық ғылым мен жоғары білім саласының алдында сапалы кадрлар даярлау мен инновациялық ортаны жетілдіру міндеті тұр.
Жастарды қолдауға бағытталған шаралар
Биыл Республика күні Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында аталып өтуде. Мемлекет басшысы білім беру саласын дамытуға ерекше мән беріп отыр. Соңғы жеті жылда жастардың жоғары білім алуына 1,5 триллион теңгеге жуық қаражатқа 655 мыңнан астам білім гранты бөлінді. Бұл жастарға таңдаған мамандығын игеруге және кәсіби әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік марапат иегерлері
Республика күніне арналған салтанатты рәсімде еліміздің дамуына үлес қосқан 2 мыңнан астам азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың ішінде ғылым мен білім саласынан 270-ке жуық маман бар. Министрлік ұйымдастырған іс-шарада «Құрмет» ордені, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі және бірқатар ведомстволық марапаттар тапсырылды.
Министрлік ұжымы марапат иелерін құттықтап, барлық әріптестеріне денсаулық, амандық және кәсіби табыс тіледі.
Дереккөз: gov.kz


