Экономика

Қазақстан мен БҰҰДБ 2026-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық бағыттарын белгіледі

Қазақстанның Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесті. Басқосуда тараптар 2026-2030 жылдарға арналған ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын және бірлескен жұмыстың нәтижелерін қарастырды.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары анықталды

Катаржина Вавьерниа Қазақстанмен ұзақ мерзімді әріптестіктің маңызын атап өтіп, жасыл қаржыландыруды дамыту, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын алға жылжыту және өңірлердің әлеуетін күшейтуге бағытталған бірлескен бастамалардың нәтижелерін бөлісті. Ол сонымен қатар өңірлік экономикалық даму, жоспарлауды цифрландыру, бизнес өнімділігін арттыру және ауыл экономикасын әртараптандыру жұмыстарын негізгі басымдықтар ретінде атады.

Жаңа бағдарламадағы өңірлік тәсілдер

БҰҰДБ-ның жаңа елдік бағдарламасы аясында өңірлік экономикалық даму мен фискалдық тұрақтылыққа ерекше назар аударылады. Жоспарда өңірлердің кірістері мен шығыстарын талдау, жергілікті бюджеттердің кіріс базасын нығайту әдістерін әзірлеу көзделген. Сондай-ақ, өңірлік жоспарлауды цифрландыру, перспективалық өсу нүктелерін анықтау, инфрақұрылым мен инвестициялық басымдықтарды айқындау үшін геоэкономикалық модель жасау ұсынылды.

ШОБ, ауыл шаруашылығы және еңбек ресурстары

Бағдарлама шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпорындардың өнімділігі мен жұмыспен қамту сапасын жақсартуға бағытталған. Өңірлік деңгейде шағын және орта бизнес үшін өндірістік кластерлер құру үлгілері сынақтан өтеді. Ауылдық жерлерде экономиканы әртараптандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді кеңейту және халық табысын арттыруға басымдық беріледі. Сонымен қатар, еңбек ресурстарына қажеттілікті болжау жүйесін жетілдіру мәселесі қаралды.

Орнықты даму мақсаттары және жасыл қаржыландыру

Кездесуде БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына жету, мемлекеттік жоспарлау мен бюджеттеу жүйесіне интеграциялау, өңірлік көрсеткіштерді жетілдіру, климаттық және су ресурстары мәселелеріне көңіл бөлу жөнінде пікір алмасты. Серік Жұманғарин БҰҰДБ-мен ынтымақтастықты жалғастырудың маңызын атап өтіп, Қазақстанның өңірлік бастамалар мен жасыл қаржыландыруды ілгерілетуге қызығушылығын білдірді. Тараптар өңірлердің халықаралық қаржы құралдарына, соның ішінде кредиттік рейтингтерді пайдалану арқылы қол жеткізу мүмкіндіктерін талқылады.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button