Технология

Түркістанда мобильді байланыстың «ақ дақтары» толық жойылды

Телеком инфрақұрылымы талқыланды

Түркістан облысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен байланыс операторларының қатысуымен телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша жиын өтті. Жиында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының іске асу барысы, өңірдегі байланыс пен интернет сапасын арттыру жолдары жан-жақты қаралды.

Түркістан – талшықты-оптикалық желіге толық көшкен алғашқы қала

Кездесуде Түркістан қаласының жетістіктері ерекше атап өтілді. Қала ескірген ADSL (мыс желілері) технологиясынан толық бас тартып, деректерді берудің заманауи әрі сенімді талшықты-оптикалық байланыс желілеріне көшті. Сонымен қатар, Түркістан 2024 жылы анықталған барлық «ақ дақтарды» бірінші болып толық жойып, ел көлемінде көш бастады.

Ауылдарды интернетпен қамту жоспарлары

Облыстағы 801 елді мекенді (7 қала және 794 ауыл) қамтитын байланыс желілерін дамыту барысы мен жоспары қаралды. Бүгінде магистральдық талшықты-оптикалық желілер 408 ауылға жеткізілді. 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 570 ауылға, 2027 жылы 778 ауылға жетеді деп күтілуде.

Инвестициялық жоба және мемлекеттік ұйымдарды қосу

«Қазақтелеком» АҚ-мен инвестициялық келісім аясында ТОБЖ инфрақұрылымын салу жүргізілуде. Жоба бойынша 372 нүктеде 649 мемлекеттік және бюджеттік ұйым қосылады. Жалпы ұзындығы 2 638,1 шақырым болатын желінің 852,2 шақырымы (32%) тартылды. Жоғары жылдамдықты интернет 267 мектепке, 257 медициналық мекемеге және ФАП-қа, 80 әкімдікке, сондай-ақ полиция, шекара, кеден мен апаттық қызмет нысандарына жеткізілуде. Құрылыс облыстың 12 ауданында жүріп жатыр.

4G және 5G желілерін дамыту

Мобильді байланыс бойынша 4G желісінің қамту аймағы ұлғайып келеді. Қазір бұл стандарт 702 елді мекенде бар, 2030 жылға дейін 772 елді мекенге жеткізу жоспарланған. Ескірген 3G стандарты кезең-кезеңімен тоқтатылып, 2028 жылға қарай толық өшіріледі. Сонымен бірге өңірде 5G желісі дамуда – 138 базалық станция орнатылды.

Жолдар мен шекарадағы байланыс

Автомобиль жолдары мен шекара маңындағы аумақтарды мобильді байланыспен қамту мәселесі қаралды. «Транстелеком» АҚ-мен келісім бойынша облыстың негізгі тасжолдарында 5 антенна-мачта орнату үшін зерттеу аяқталды. Жұмыстар 2027 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, 2027 жылға дейін 7 шекаралық өткізу пункті («Б. Қонысбаев», «Атамекен», «Целинный», «Қапланбек», «Сырдария», «Қазығұрт», «Жібек жолы») сапалы байланыс және интернетпен жабдықталады.

Туристік нысандарға жоғары жылдамдықты интернет

2028 жылға дейін 4 туристік нысанда – Сауран қалашығында, Укаш ата кесенесінде, Тұттыбұлақ сарқырамасы мен Ақмешіт үңгірінде интернет пен байланыс іске қосылады.

«Ақ дақтар» мәселесі шешілді

Өңірде байланыс сапасы төмен немесе мүлде жоқ «ақ дақтарды» жою жұмыстары қорытындыланды. Бұған дейін анықталған 95 проблемалық аймақтың 77-сінде (81%) мәселе шешілді, қалған 18 нысанда жұмыс жалғасуда.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button