Главные новости

Астанада жаңа медициналық нысандар ашылады: перинаталдық орталық, аурухана, емханалар

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қалада жаңадан ашылатын медициналық мекемелер туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, тұрғындар санының өсуіне байланысты медицина инфрақұрылымы кезең-кезеңімен кеңейтіліп жатыр.

Жаңа қабылдау-диагностикалық кешен мен балаларға арналған травматологиялық пункт

Биыл №2 қалалық көпбейінді аурухананың жанынан жаңа қабылдау-диагностикалық кешен ашылады. Бұл нысан ересектер мен жүкті әйелдерге арналған қабылдау бөлімін, диагностикалық қызметтер мен травматология пунктін біріктіреді. Жалпы ауданы 7 120 шаршы метр болатын бес қабатты кешен тәулігіне 700-900 адамды қабылдай алады. Мұнда компьютерлік томография, МРТ, рентген, ангиографиялық операциялық бөлме, инсульт және травматология бөлімшелері, реанимация және қарқынды терапия бөлімдері болады. Кешеннің ашылуымен 50 жаңа жұмыс орны құрылады.

Сондай-ақ, №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында балаларға шұғыл көмек көрсетуге арналған жаңа қосымша ғимарат пайдалануға беріледі. Жаңа корпуста реанимация залы, операциялық бөлім, компьютерлік томография және рентген кабинеттері қарастырылған.

Перинаталдық орталық пен көпбейінді аурухана құрылысы

2027 жылы Сарыарқа ауданында 250 төсек-орындық заманауи перинаталдық орталық ашу жоспарланып отыр. Ал 2029 жылы 300 төсек-орындық көпбейінді қалалық аурухананың құрылысы аяқталады.

Жаңа емханалар мен жедел жәрдем станциялары

2026 жылдың соңында Есіл ауданында 500 адамды бір ауысымда қабылдайтын емхананың құрылысы басталады. 2027 жылы Сарайшық пен Нұра аудандарында да осындай екі емхана салынады. Бұған қоса, алдағы үш жылда 2 перинаталдық орталық, жаңа көпбейінді аурухана, 5 емхана және 2 жедел жәрдем қосалқы станциясы ашылады.

Жеке инвестициялар және қолданыстағы инфрақұрылымды кеңейту

Өткен жылы «Нұрлы жол» вокзалы ауданында жеке инвестиция есебінен жаңа емхана ашылды. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында Есіл және Нұра аудандарының тұрғындарына арналған балалар травматологиялық пункті іске қосылды. Мұнда бір жылда 10 мыңнан астам балаға медициналық көмек көрсетілді. Бұл оң жағалаудағы балалар травматологиясына түсетін жүктемені азайтты.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button