Ақтөбеде жол қозғалысын әуеден бақылау үшін дрондар қолданылуда
Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін полиция жаңа шараларды қолға алды. Жол қозғалысын бақылау мақсатында бейнекамералармен жабдықталған дрондар іске қосылды. Бұл құрылғылар, әсіресе, қала сыртындағы қозғалысы тығыз және апат жиі болатын жол учаскелерінде пайдаланылады.
Дрондар арқылы жүргізушілердің тәртібі тексеріледі
Полиция мәліметінше, биыл облыста 1497 жол апаты тіркелген. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда болған апаттардың 80 пайызы жүргізушілердің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығуынан орын алған. Сол себепті дрондармен бақылау кезінде негізінен осы заң бұзушылық анықталады.
Жыл басынан бері әуеден бақылау арқылы қарсы бағытқа шыққан 600-ден астам жүргізуші анықталды. Бүгінде полиция дрондарды қала сыртындағы трассаларды патрульдеуде тиімді пайдаланып отыр. Ереже бұзған жүргізушілер жауапқа тартылып, оларға жол қозғалысы қауіпсіздігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қарсы жолаққа шыққандарға қатаң жаза қолданылады
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау барлық жүргізушілер үшін маңызды екенін ескертеді. Қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығу жүргізуші куәлігінен алты айға айыруға әкелетін әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Дереккөз: gov.kz



