Политика

Қазақстан мен Әзербайжан Жапонияда Транскаспий көлік бағытын таныстырды

2026 жылғы 19 қазанда Токиода Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға арналған конференция өтті. Іс-шарада Жапония мен Орталық Азия, Кавказ елдері арасындағы көліктік байланысты нығайту, сондай-ақ Токио мен Алматы арасында тікелей әуе бағытын ашу мәселелері талқыланды.

Конференцияға Жапонияның министрліктері, JICA агенттігі, ROTOBO қауымдастығы және логистика саласының өкілдері бар жүзге жуық адам қатысты. Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев пен Әзербайжан Елшісі Фарид Талыбов өз елдерінің көлік жүйелері мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жоспарларын таныстырды. Ерлан Баударбек-Қожатаев 15 қазанда Бакуде өткен кездесуде Президенттер Қ.Тоқаев пен И.Әлиевтің қатысуымен Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылғанын атап өтті. Бұл жоба халықаралық деректер алмасуды кеңейтуге және цифрлық байланыстардың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

ТХКБ-ның Жапония үшін маңызы және жаңа жобалар

Жапония Экономика, сауда және индустрия мемлекеттік министрі Кей Такаги ТХКБ бағытының Токио үшін стратегиялық маңызын айтты. Ол Орталық дәлізді дамыту Жапонияның Орталық Азия мен Кавказ елдерімен сауда-экономикалық байланыстарын күшейтуге сеп болатынын жеткізді.

Жапонияның Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігінің Халықаралық логистикалық кеңсесінің директоры Миеко Коянаги жапондық компаниялардың Орталық дәліз арқылы жүргізген сынақ тасымалдарының нәтижесін ұсынды. Бұл сынақтар жеткізу мерзімі, құны, кедендік рәсімдер мен қызмет сапасын бағалауға мүмкіндік берді. Ақтау портында кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге арналған жобаға Жапонияның қолдау көрсететіні айтылды. Жалпы құны 719 миллион иен болатын бұл жоба портқа ірі габаритті рентген кешенін орнатуды көздейді және жүктің тексерілу уақытын үш есе қысқартуға мүмкіндік береді.

Алматы мен Токио арасында тікелей рейс ашылады

Конференция аясында Air Astana компаниясының Корея мен Жапония бойынша өңірлік аға менеджері Адель Даулетбек желтоқсан айында Алматы мен Токио (Нарита әуежайы) арасында тұрақты тікелей әуе рейсі ашылатынын мәлімдеді. Бұл қадам екі ел арасындағы көліктік қатынасты одан әрі нығайтуға жол ашады.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button