Оқу-ағарту министрлігінің ғалымдар қауымдастығы «Адал азамат» бағдарламасын зерттеуге әдістемелік ұсынымдар дайындайды
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова министрлік пен бағынысты ұйымдардың ғылыми қауымдастық мүшелерімен кездесті. Кездесу ашық пікір алмасу түрінде өтті. Онда «Адал азамат» бағдарламасының балалардың құндылықтары мен мінез-құлқына әсері сөз болды. Қатысушылар осы бағыттағы зерттеу әдістері және барлық өңірдегі білім беру ұйымдарын қамту жолдары бойынша ойларын ортаға салды.
Кездесуде оқулық сапасын арттыру, оларды әзірлеу, сараптау және мектепте сынақтан өткізу үдерістерін жетілдіру мәселелері де талқыланды. Сондай-ақ балалар арасындағы буллингтің алдын алу және оған уақытылы жауап беру жайы қозғалды. Ғалымдар педагогтер, психологтер және ата-аналардың бірлескен жұмысы бойынша зерттеу ұсыныстарын ұсынды.
Кездесу нәтижесінде Оқу-ағарту министрлігінің ғалымдар қауымдастығы қаралған мәселелерге байланысты ғылыми зерттеу үшін әдістемелік ұсынымдар әзірлейді. Бұл ұсынымдар алдағы кездесулерде талқыланып, министрліктің шешімдеріне ғылыми әдістер қолдану жолдары қаралады.
Дереккөз: gov.kz



