ALT University-дің 95 жылдығына арналған VII Еуразиялық форум Алматыда өтті
Форумдың маңызы
Алматы қаласындағы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT University-де көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру мәселелеріне арналған VII Еуразиялық форум өтті. Университеттің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды іс-шара мемлекеттік органдардың, теміржол және көлік компанияларының, ғылыми қауымдастықтың, бизнес пен технологиялық ұйымдардың өкілдерін бір алаңға жинады.
Форум барысында көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігі, теміржол саласын цифрлық трансформациялау, заманауи технологияларды енгізу және жаңа буын инженерлерін даярлау мәселелері талқыланды. Білім беру мен өндірістің өзара ықпалдастығына ерекше назар аударылды.
Жаңа оқу нысандары
Іс-шараның маңызды оқиғасы студенттердің практикалық даярлығын дамытуға бағытталған жаңа оқу нысандарының ашылуы болды. Университет тарихында алғаш рет «Теміржол инфрақұрылымы» оқу полигоны іске қосылды. Мұнда студенттер теміржол инфрақұрылымының құрылымы мен пайдалану ерекшеліктерін зерделеп, нақты өндірістік ортаға барынша жақын жағдайда практикалық дағдыларын жетілдіре алады.
Сонымен қатар түпнұсқа теміржол саласының маманы Қалтай Самбетов атындағы микропроцессорлық орталық жүйелері зертханасы және теміржол саласының ардагері Болатбек Дүйсемалиев атындағы зертхана ашылды. Бұл зертхана вагондар мен контейнерлердің қозғалысын бақылауға, тасымалдарды басқаруға және терминалдардың жұмысын бақылауға арналған бағдарламалық шешімдермен жабдықталған.
Университеттің рөлі
ALT University ректоры Меруерт Жармағамбетова университеттің 95 жыл ішінде инженерлердің бірнеше буынын даярлағанын атап өтті. Оның айтуынша, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және цифрлық технологияларды енгізу жағдайында заманауи автоматтандыру және басқару жүйелерімен жұмыс істей алатын мамандарды даярлаудың маңызы артып отыр.
«Бүгінде теміржол саласының алдында ауқымы мүлде жаңа міндеттер тұр. Біздің міндетіміз – қауіпсіздікті жай ғана кәсіби талап емес, мәдениет әрі жеке жауапкершілік ретінде қабылдайтын мамандарды даярлау. Сондықтан біз нақты өндірістік процестерді білім беру ортасына интеграциялауға ұмтыламыз», – деді ректор.
KTZ-ALT Innovation хакатоны
Форумның жалғасында «Қазақстан темір жолы» ҰК ұйымдастырып, ALT University қолдау көрсеткен KTZ-ALT Innovation студенттік хакатоны өтті. Байқауға Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент және Ақтау қалаларынан 43 команда, 170-тен астам студент қатысты.
Қатысушылар 24 сағат ішінде ҚТЖ-ның «Цифрлық станция» және «Автодиспетчер» атты нақты кейстері бойынша жұмыс істеді. Байқаудың финалына 16 команда өтті, жалпы жүлде қоры 2,5 млн теңге құрады.
Байқауының нәтижелері
Бірінші орынды Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің SULU командасы және М.Тынышпаев атындағы ALT Шымкент колледжінің «Шаңырақ» командасы бөлісті. Екінші орынға Beseu (ALT University) және NOVA (Алматы технологиялық университеті) командалары ие болды. Үшінші орын Insomnia (Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті) және LogWay (Қазақстан-Неміс университеті) командаларына берілді.
Инновациялық көрме
Форум аясында көлік-логистика саласындағы инновациялық шешімдердің көрмесі де ұйымдастырылды. Көрме барысында қатысушылар тасымалдардың қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған заманауы технологиялармен танысты.
Форум, жаңа білім беру нысандарының ашылуы және хакатон білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған кең ауқымды бастаманың бөлігі болды.
Дереккөз: gov.kz



