Общество

Жас сақшылар Жетісайда полиция бөлімінің күнделікті жұмысымен танысты

Түркістан облысы Жетісай аудандық полиция бөліміне М. Горький атындағы мектеп-гимназиясының «Жас сақшы» сыныбының оқушылары келді. Балалар жас сақшылар ретінде тәртіп сақшыларының күнделікті қызметімен танысты.

Танымдық кездесуде оқушылар полиция қызметінің ерекшеліктеріне, полицейлерге қойылатын талаптарға және құқық қорғау саласындағы мамандықтарға қатысты сұрақ қойды. Жетісай аудандық полиция бөлімі бастығының жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары Сержан Ассаурбекұлы полицияның күнделікті жұмысы туралы жан-жақты әңгімелеп, оқушылардың сауалдарына жауап берді.

Одан кейін жас сақшылар жедел басқару орталығының жұмысын көрді. Олар бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілетінін, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау жұмыстары қалай жүргізілетінін білді.

Іс-шара барысында оқушылар полицейлердің жұмысын сырттай бақылаумен шектелмей, мамандықтың жауапкершілігі мен маңызын түсінді. Мұндай кездесулер полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға бағытталған. Басты мақсат – жас ұрпақтың полиция қызметіне қызығушылығын арттыру және болашақ мамандық таңдауына бағыт беру.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button