Общество

Эльмира Сыздықова: полиция қызметкері Азия ойындарында күміс медаль иеленді

Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкері Эльмира Сыздықова Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды. Ол полицияда қызмет етумен қатар, спортпен де айналысады.

Қарағандылық спортшы 76 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әйелдер күресі бойынша бақ сынады. Құрлықтың мықты балуандарымен өткен тартысты белдесулерде ол шеберлігін, жоғары дайындығын және жеңіске деген ұмтылысын көрсетті.

Жарыс қорытындысымен Сыздықова күміс медальді иеленіп, Қазақстан құрамасының медаль қоржынын толықтырды. Бұл – спортшы үшін кезекті ірі жетістік әрі полициядағы қызметін жоғары деңгейдегі спортпен ұштастырып жүрген табанды маманның еңбек жемісі.

«Полиция қызметі де, спорт та адамнан тәртіпті, төзімділікті және жауапкершілікті талап етеді. Әр белдесуге шыққанда елімнің намысын қорғау – мен үшін үлкен мәртебе», – дейді Эльмира Сыздықова.

Қарағанды облысының полиция департаменті әріптесін Азия ойындарындағы жетістігімен құттықтады. Департамент оған қызметте абырой, спортта жаңа жеңістер тіледі.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button