Астанада Ататүрік саябағында қоғамдық тәртіп пен тазалыққа арналған рейд өтті

Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» бастамасы шеңберінде қоғамдық орындардағы тазалық пен абаттандыру талаптарының орындалуын тексеруге бағытталған профилактикалық рейд өткізілді. Іс-шара Байқоңыр ауданындағы Ататүрік саябағында өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Рейдке аудан әкімдігі мен Байқоңыр аудандық полиция басқармасының өкілдері қатысып, тұрғындарға қоғамдық орындарды таза ұстаудың маңыздылығы түсіндірілді және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған ақпараттық буклеттер таратылды. Сонымен қатар рейд барысында азаматтарға абаттандыру ережелерін сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде кеңестер берілді.
Абаттандыру ережелерін бұзу құрамына мыналар кіреді:
- қоғамдық орындарға қоқыс тастау;
- темекі тұқылын жерге лақтыру;
- жасыл желектерді бүлдіру және гүлдерді жұлу;
- көшедегі орындықтарды, қоқыс жәшіктерін және өзге де мүліктерді зақымдау.
Осындай құқық бұзушылықтар үшін заңнамаға сай әкімшілік жауапкершілік көзделгенімен, ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – айыппұл салу емес, тұрғындардың жауапкершілігі мен экологиялық мәдениетін көтеру. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Таза Қазақстан – бұл жай ғана акция емес, бұл әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс», – деген сөзі шараның мәнін айқындайды.
Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрислам Батырбек рейдтер полиция басқармасымен бірге тұрақты түрде өтетінін, жыл басынан бері бес ауқымды іс-шара ұйымдастырылғанын хабарлады. Ол тұрғындарға ақпараттық материалдар тарату арқылы саябақты аялауға шақырғанын атап өтті.
Рейд барысында полиция қызметкерлері азаматтарға қоғамдық тәртіп талаптары мен заңнамалық жауапкершілік жайлы түсінік берді. Астана қаласы Полиция департаменті Байқоңыр аудандық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Абзал Әбілдаевтың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтаудан бұрын олардың алдын алу және тұрғындар арасында жауапкершілікті арттыру.



