Comic Con Astana 2026: Николай Костер-Вальдау мен Иньяки Годой елордаға келеді

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылдың 6-9 тамызы аралығында елордада Comic Con Astana фестивалі бесінші рет өз есігін ашады. Кино, сериал, комикс, бейнеойын, аниме және заманауи поп-мәдениет сүйіршілерін біріктіретін бұл іс-шара биыл да екі алаңды қамтиды: Barys Arena кешені басты сахна мен хедлайнерлермен кездесулерге арналса, «Алау» мұз сарайы тақырыптық аймақтар, серіктестер стендтері, ойын алаңдары, интерактивті бағдарламалар мен ойын-сауық кеңістіктерін өз ішіне алады.
Фестивальдің алғашқы жарияланған хедлайнері — «Тақтар ойыны» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен атақ қазанған даниялық актер Николай Костер-Вальдау. Оның фильмографиясында «Қара сұңқардың құлауы», «Аспан патшалығы», «Обливион», «Мысыр тәңірлері», «Мама», «Бос кеңістікке оқ», сондай-ақ «Оның маған айтқан соңғы сөзі» және «Патша мен жаулаушы» сериалдары орын алады. Тағы бір қонақ — Netflix-тің One Piece жобасында Манки Д. Луффи рөлін сомдаған жас актер Иньяки Годой. Ол сонымен қатар «Жетілмегендер» мен «Сараны кім өлтірді?» сериалдарынан да жақсы таныс. Иньяки Годой жанкүйерлермен басты сахнада кездесіп, сұрақтарға жауап береді, қолтаңба тарату мен фотосессияларға да қатысады.
Халықаралық жұлдыздармен қатар фестивальге блогерлер мен косплей индустриясының өкілдері де шақырылған: Германиядан келген Kamui Cosplay дуэті, YouTube-блогерлер SuperCrastan, Jane Kravitz, Karrambaby, Dobryak, сондай-ақ қазақстандық блогер Dalbek. Фестивальдің дәстүрлі бөлігі — халықаралық косплей байқауының жүлде қоры биыл 20 миллион теңгені құрайды, бұл оны өңірдегі ең ірі косплей турнирлерінің біріне айналдырады. Өткен жылдары Comic Con Astana хедлайнерлері қатарында Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және Александр Кузнецов болған еді.



