«Астана Арена»да футбол матчы құқықтық сауат акциясымен ашылды

Елордадағы «Астана Арена» стадионында «Астана» футбол клубы мен Албанияның «Динамо Сити» командасы кездесті. Матч барысында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде арнайы профилактикалық акция өткізілді. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Ойын басталмас бұрын еріктілер жанкүйерлерге қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысты ұсынымдар мен ақпараттық материалдар таратты. Стадион қонақтарының назарын Тазабек пен Тәртіпбек атты маскоттар аударды — олар жанкүйерлермен тікелей сөйлесіп, бірге фотосуретке түсіп, өзгелерге деген құрмет пен тәртіп сақтаудың маңызын еске салды.
Осындай профилактикалық іс-шаралар азаматтардың құқықтық сауатын жетілдіруге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ бұқаралық спорттық жиындар кезінде қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.



