BaiQymyz-2026: фестивальдің бірінші күні экоакциямен аяқталды

11 шілде күні «Қазанат» ипподромында өткен BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалінің алғашқы күні аяқталысымен аумақта экологиялық тазалық акциясы ұйымдастырылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Фестиваль қонақтары мен еріктілер бірлесіп, іс-шара өткен орынды жинастырды: қалдықтарды жиып, аумақты тәртіпке келтірді. Акция мерекелік бағдарламаның органикалық бөлігі ретінде өткізіліп, қоршаған ортаға жауапты қарау мәдениетін насихаттауға бағытталды.
Қатысушылардың пікірінше, мұндай бастамалар тек тазалықты қамтамасыз етіп қоймай, халық арасында экологиялық жауапкершілік сезімін де тәрбиелейді. BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі 11-12 шілде күндері Астанадағы «Қазанат» ипподромында жалғасуда. Бағдарлама ұлттық тағам дәмін тату, көрмелер, мәдени және спорттық шаралар, ат спорты шоулары, отбасылық алаңдар мен танымал өнерпаздардың концерттерін қамтиды.



