Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық: Саясат Нұрбек Кай-Фу Лимен кездесті
Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директоры Кай-Фу Лимен кездесті. Тараптар жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуде қандай мәселелер талқыланды
Әңгіме барысында тараптар AI-білім беруді жетілдіру мен цифрлық экономиканың заманауи талаптарына сай мамандар даярлау перспективаларын қарастырды.
Сондай-ақ білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларын дамыту, тәжірибе алмасу, жасанды интеллект бағытында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыға салынды.
AI-Sana бағдарламасы мен QAIRU университетінің рөлі
Кездесуде AI-Sana бағдарламасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Бағдарлама елдегі жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамытуға және технологиялық дамуға қажетті кадр әлеуетін қалыптастыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, тараптар Qazaq AI Research University (QAIRU) туралы да айтты. Бұл Орталық Азиядағы AI-Enabled моделін жүзеге асыратын алғашқы университет болмақ.
Университет жаңа буын мамандарын даярлайтын, жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді дамытатын және AI технологияларын білім беру үдерісіне енгізетін алаңға айналады.
Тараптар қандай бағытта ынтымақтасады
Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді. Өзара іс-қимыл мына бағыттарда кеңейтілмек:
- AI-білім беру;
- ғылыми зерттеулер;
- технологиялық шешімдер.
Дереккөз: gov.kz


