Астанада Ұлытау өңірінің өнері мен Алтын Орда мұрасы таныстырылады

Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында 18-19 шілде күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін «Алтын Орданың мұрасы: Ұлы даладан туған өнер» атты көрме-жәрмеңке өз есігін ашады. Республикалық Creative Aimaq жобасы аясында өтетін бұл іс-шараны «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырып отыр. Мұны елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Екі күнге созылатын бағдарлама барысында қонақтар Ұлытау өңірінің шығармашылық әлеуетімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болады. Көрмеде авторлық зергерлік бұйымдар, қолөнер туындылары, кескіндеме жұмыстары, құрақ көрпе өнері және Ethno Fashion топтамалары ұсынылады. Сонымен қатар іс-шара аясында былғары өңдеу, ағаш ою, ұсталық өнер, ұлттық музыкалық аспап жасау, зергерлік және сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі.
Бағдарламаның ерекше оқиғаларының бірі — отандық дизайнерлер қатысатын Ethno Fashion Show. Онда Ұлы дала өркениеті мен Алтын Орда мұрасынан шабыт алған жаңа сән топтамалары көпшілікке таныстырылады. Атақты шеберлермен, дизайнерлермен және суретшілермен шығармашылық кездесулер де өтіп, ұлттық мұраны қазіргі креативті индустрияда дамыту мәселелері талқыға салынады. Бірінші күннің қорытындысы Jez Acoustic Band тобының концерттік бағдарламасымен безендіріледі. Creative Aimaq жобасының басты мақсаты — өңірлердің креативті әлеуетін арттыру, отандық брендтерді қолдау және шығармашылық кәсіпкерлікті жаңа деңгейге шығару.



