Астана саябақтарында рейд: 700-ден астам тұрғын жауапқа тартылды

Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты және республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы шеңберінде профилактикалық рейдтер басталды. Бүгін осындай шара Ботаникалық бақта өтті. Алдағы уақытта рейдтер елорданың саябақтары, гүлзарлары және өзге де қоғамдық аймақтарда жүйелі түрде жалғасатын болады.
Іс-шараға Есіл ауданы әкімдігінің қызметкерлері, Астана қалалық Полиция департаментінің өкілдері және қоғам белсенділері бірлесіп қатысты. Рейд барысында абаттандыру талаптарын бұзуға, Ботаникалық бақ аумағындағы заңсыз саудаға, сондай-ақ балаларға арналған электр көліктерін рұқсатсыз жалға беруге жол бермеу мәселелері қарастырылды. Есіл ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Алдауов азаматтарға Ботаникалық бақта пикник ұйымдастыруға және қоқыс тастауға тыйым салынатынын түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Қайталанған бұзушылықтар үшін полиция әкімшілік айыппұл салатын болады.
Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Еркін Жанәбілдің мәліметінше, жыл басынан бергі іс-шаралар нәтижесінде Ботаникалық баққа іргелес аумақта абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 700-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының бірінші бөлігіне сәйкес оларға ескерту жасалды немесе 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Белгіленбеген орындарда заңсыз сауда жасағаны үшін 300-ден астам адам жауапқа тартылып, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылды. Абаттандыру бұзушылықтарын анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар елорда аумағында күн сайын жүргізілуде.



